Біздің қызметіміз

"Теңізшевройл" ЖШС шикі мұнай, сұйылтылған мұнай газы мен жоғары сапалы күкірт өндіруде ең жаңашыл процестер мен сенімді нысандарды пайдаланады.

КТЖ және Екінші буын зауты

1993 жылы Теңізшевройл ЖШС бірлескен кәсіпорнын құру кезінде оның еншісіне газды мұнайдан бөлу зауыты тиген еді. Бұл зауыт (КТЖ - кешенді технологиялық желі) «Бірінші буын зауыты» деген атпен әйгілі. Алғаш ашылғаннан бастап-ақ, ТШО бұл зауыт жұмысының кеңейіп, жетілдірілуіне күш салып келеді. Қазірде зауытта мұнай мен газды бастапқы өңдеудің бес технологиялық желісі жұмыс істейді, және айта кететіні, бұл өндіріс бұрынғыға қарағанда қоршаған ортаға келтіретін әсері төмен, әрі тиімдірек. 2009 жылы ТШО газды алауларда дағдылы жағуды КТЖ зауытында тоқтатуға ықпал етті.


Өндірісті кеңейту мақсатында салынған Екінші буын зауыты (ЕБЗ) мен газды жер қабаты астына айдау нысандарының іске қосылуы ТШО-ның өндіру мүмкіндіктерін едәуір көтерді.


Бұл өндірісті кеңейту жобасы Теңіз кен орнынан алынатын мұнай көлемін екі есеге ұлғайтуға бағытталған болатын, ал оның іске асырылуы Қазақстан Республикасының қойған өндіру көлемдерін өсіру жоспарын орындауға көмектесті. 2008 жылдың үш тоқсаны бойынша мұнайдың тәуліктік өндіру көлемі 75 мың тоннаға (600 мың баррельге), ал газдың көлемі 22 млн. текше метрге (750 млн. текше фут) дейін ұлғайды.


Өндірістің мұндай кеңеюі қазақстандық мұнай өнеркәсібі үшін айтарлықтай жетістік болды. Осы жобаларды іске асыруға қазақстандық компаниялардың үлкен үлес қосуына, маңызды рөл атқаруына біз бар күшімізді салдық. «Екінші буын» өндірісті кеңейту жобасының аясында ТШО-ның қазақстандық үлесті дамытуға жұмсаған қаржы мөлшері 2 миллиард АҚШ долларға шықты.


ЕБЗ мұнайды тұрақтандырып, оны күкіртті компоненттерден тазартады, сонымен қатар табиғи газ бен күкіртті ажыратады. Бұл зауыт әлемдегі күкіртті мұнай өңдеу технологиялық желілерінің ішіндегі ең ірісі болып табылады. Бұл жобаның жүзеге асырылуы, яғни жаңа да озық технологияларды қолданудың арқасында ТШО-ға мұнай өндіру көлемін ұлғайтып қана қоймай, оны өндіруде қоршаған ортаға келтіретін әсерін анағұрлым азайтып, сапасын өсірді.

Шикі газ айдау нысаны

Өндірілетін газдың шамамен үштен бір бөлігі қайтадан Теңіз жер қабатына жоғары қысыммен айдалады. Бұл әдістің мақсаты - жер қабатының қысымын сақтау. Газ айдау компрессоры әлемде еш жерде жоқ бірегей қондырғы, ол газды жер астына айдауда қолданылатын ең озық технология негізінде жасалған.

Технологиялардың жаңаша қолданылуы

Осы кеңейту жобаларын жүзеге асыру барысында «Теңізшевройл» өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту және өндірістің қуат тиімділігін жақсарту үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар жаңашыл ұсыныстарды енгізді.


ЕБЗ-да бір тонна тауарлы мұнай өндіруге жұмсалатын энергия қазіргі қолданыстағы желілермен салыстырғанда екі есе аз пайдаланылады. Жаңа зауыт толықтай іске қосылуымен атмосфералық шығарындылар екі есеге азайды, экспортқа шығару немесе тұрмыста пайдалану үшін отындық газдың қосымша көлемін алуға мүмкіндік туды. ТШО шығарынды деңгейі төмен технологияларды және алып өндірісті жеткілікті электр қуатымен қамтамасыз ететін әлемдегі ең ірі бу генераторларын қолданады.


Теңіз кенішіндегі өндірісті кеңейту жобаларына арналған табиғат қорғау жөніндегі жобалау жұмысының негізгі міндеті – пайдаланылатын су қорын сақтау және пайдалану көлемін азайту, соның ішінде қайта пайдаға асыру. Қазіргі уақытта «Теңізшевройлда» өндірілген мұнайдың әр тоннасына шаққандағы су шығыны 1994 жылғы 1,3 текше метрден 0,2 текше метрге дейін азайды. Өндірісте ең озық технологияларды қолдана отырып, ТШО технологиялық процестерді, бу өндірісін және шаруашылық қажеттіліктерге су алуды, сонымен қатар өрт сөндіруге арналған суды қамтамасыз ету үшін өзінің техникалық суын өндіреді.


Техникалық су алудың бір тәсілі – мұнай, газ, тұз, су және күкіртті сутегіден тұратын мұнайлы флюидтерден суды айыру. Ең алдымен тұрақтандыру бағандарында кейін тасымалдау үшін жөнелтілетін шикі мұнайдан күкіртті сутегі ажыратылады. Күкіртті мұнай газы тауарлық газ, пропан, бутан және күкірт алу үшін өңделеді. Содан соң қышқыл және тұзды суды буландыру барысында одан күкірт сутегіні ажыратылады, кейін буландырған су буландырғыш қондырғысына жіберіледі, буландырғыш суды тұздан айырып, тұшытып шығарады. Содан кейін тұшытылған су тазалау қондырғысына жіберіледі, кейін жүйеге технологиялық процестерді қамтамасыз етуге және бу өндіруге арналған тазартылған су ретінде қайтарылады. Буландырғышта суды қалпына келтіру коэффициенті 96 пайыздан асады.


Су сонымен қатар күкірт сутегіні өңдеу арқылы қарапайым күкірт алынатын әдеттегі процесте өндірілетін өнім болып табылады. Сонымен қатар ЕБЖ-ның ашық дренажды жүйесіне нысандардың аумақтарындағы жаңбырдан кейінгі су, қар ерігеннен кейін пайда болатын су жиналады. Бұл су құрамындағы қатты және органикалық қоспалардан айырылады және тазалау қондырғысын шыққаннан кейін тазартылған су ретінде пайдаланылады.