ТШО-ның сара жолы

«ТШО-ның сара жолы» біздің кім екенімізді, неге сенетінімізді, мақсатымызға қалай жететінімізді және неге ұмтылатынымызды түсіндіреді. Ол компания қызметкерлерімен қатар бізбен қарым-қатынас жасайтын тараптар үшін біздің құндылықтарымыз бен мінез-құлық үлгілеріміз жайлы ортақ түсінік қалыптастырады.

Мақсат

Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Республикасы, ТШО үлескерлері және қызметкерлерімізге барынша пайда әкелу.



Перспективалық мақсат

Әлемдік мұнай-газ саласында қызметкерлерінің кәсіпқойлығы, серіктестік қатынастар және өндірістік көрсеткіштерімен ерекшеленетін ең қауіпсіз, барынша тиімді және табысты кәсіпорын болу.



Құндылықтар

Біздің құндылықтарымыз кім екенімізді көрсетеді және нәтижеге жеткізетін бағыт береді. Біз әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаларына сүйене отырып қызмет атқарамыз, жұмыс істейтін аймақтарымыздың заңдарын құрметтейміз және жұртшылығына пайда әкелеміз.


Өзгешеліктерді құрметтеу және қызметкерлерді қатыстыру

Бізде мәдениеттердің бірегейлігі мен әртүрлілігіне құрметпен қарайтын, әрі әр тұлғаның дарындылығын, тәжірибесі мен пікірін бағалайтын жұмыс ортасы қалыптасқан.


Жоғары көрсеткіштер

Біз мінсіздік пен оң нәтижелерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Біз жоғары өнімділік пен тұрақты жетілуді көздейміз. Біз ТШО жоғары көрсеткіштеріне бағытталған мінез-құлық үлгісін ұстанамыз және әрекеттеріміз бен олардың нәтижелеріне жауаптымыз.


Адалдық пен сенім

Біз өзіміз бен өзгелер алдында адалмыз. Ең жоғары этикалық ережелерді ұстанып, бір-бірімізге құрметпен қарау және қолдау көрсету арқылы сенімге ие болуға ұмтыламыз.


Серіктестік

Біз мемлекеттік органдар, үлескерлеріміз, жұртшылық, бизнес серіктестеріміз, тапсырыс берушілер мен жабдықтаушыларымыз және бір-бірімізбен сенімге негізделген, нәтижелі және конструктивті қарым-қатынас орнатудамыз. Бірлесе қол жеткізген табысымыз біз үшін ең басты жетістік.


Адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау

Қызметкерлеріміздің денсаулығы мен қауіпсіздігі, өндірістік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау біз үшін аса маңызды іс болып табылады. Біз салдары ауыр оқиғалардың алдын алуға басты ден қойып, өндірістік қызметімізде жарақат пен оқыс оқиғаларды болдырмауға барлық күш-жігерімізді саламыз.


Стратегиялар

Біздің стратегияларымыз саламыздың үздік нәтижелері жолындағы әрекеттерімізге бағыт береді.


Адамдар

Нәтижеге лайықты жолмен қол жеткізу үшін аса білікті қызметкерлер ұжымын дамыту және қолдау үшін адам ресурстарына инвестиция салу.


Жүзеге асыру

Ең жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу жүйелерін мүлтіксіз қолдану, инвестициялардың тиімділігін арттыру және шығындарды бақылау арқылы айрықша нәтижелерге қол жеткізу.


Кеңею

Бәсекелестік артықшылықтарымыз бен жоғары көрсеткіштерге апаратын мінез-құлық үлгісін қолдана отырып, кірісті арттыру мақсатында шикізат қорларымызды табысты игеру.


Технологиялар мен функционалдық тиімділік

Технологиялар, инновациялар және салалық кәсіби білімді пайдалану арқылы бірегей нәтижелерге қол жеткізу.