Кадрларды шыңдау

ТШО бүгін және алдағы күндері де кез келген ауқымды шаруаларды жүзеге асыра алатын жоғары білікті мамандар даярлауда. Осы мақсатпен техникалық оқыту, компьютер курстары, тұлғааралық қарым-қатынас орнату ережелерін меңгеру және ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі басшыларға арналған тренингілер мен тіл ұстарту курстарын қамтитын компания қызметкерлерін дайындау және олардың мамандықтарын арттыруға негізделген байыпты жоспар жасақталған. Кәсіпорын соңғы он жылда қызметкерлерді оқыту бағдарламаларына 46 миллион АҚШ долларын жұмсады.


Кадрларды оқытудың, қайта даярлаудың тиімді жүйесі қазақстандық қызметкерлерді анағұрлым жоғары жауапкершілікті талап ететін лауазымдарға көтеруге мүмкіндік беруде. Шетелдіктер ТШО-да еңбек ететіндердің 13 пайызын құраса, қазақстандықтардың үлесі – 86 пайыз. Жоғары және орта буын басшылар құрамының 75 пайызын ұлттық кадрлар құрайды. Соңғы бес жылда қазақстандық 91 қызметкер бұрын шетелдік мамандар атқарып келген менеджер, орта буын басшысы және жетекші инженер-техник лауазымдарына тағайындалды. Олар тағайындалған лауазымдар арасында стратегиялық жоспарлау бөлімінің бас менеджері, салық тобының менеджері, зауыт бастығы, қазынашылық менеджері, жеткізілім желісі бөлімінің категориялық менеджері, бақылау-тексеру тобының жетекшісі және қоршаған ортаны қорғау тобының басшысы секілді қызметтер бар.


ТШО жетістігінің негізі қызметкерлер мен мердігерлердің жоғары кәсіби шеберліктерінде жатыр. Қызметке алу кезінде мүмкіндік ең алдымен жергілікті тұрғындарға беріледі. Компания ұжымды әлемдік үздік стандарттар деңгейіндегі жұмыс жағдайларымен, барынша жайлы да ыңғайлы ахуалмен және жағымды әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етуге тырысуда. ТШО өз қызметкерлерінің кәсіби өсулерін ынталандыру және кәсіпорын алдына қойылған міндеттерге жету мақсатымен кадрлар даярлау жөніндегі бағдарламаларын ұдайы жетілдіруде.


Жыл сайын компанияның 200-дей қызметкері мамандықтарын ұштау үшін шетелге барады, ал, анағұрлым қабілетті қызметкерлер шетелдерде ұзақ мерзім жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.