Қызметкерлерге инвестициялар

ТШО-да компания қызметкерлеріне Қазақстандағы ең үздік әлеуметтік пакеттерінен біреуін ұсыну тәжірибесі бұрыннан қалыптасқан. Бұл бағдарлама өсімсіз тұрғын жай несиесін беруді, банк салымдарын қосымша қаржыландыруды, отбасы мүшелеріне жәрдемақы беруді және емделу төлемдерін қарастырады.

Қоғамдық бірлестіктер мен ұжымдық келісім-шарттар

ТШО қызметкерлердің жұмыс берушіге деген ұжымдық мүдделерін білдіретін кәсіби одақтарға бірігу және қоғамдық ұйымдарды еріктерінше таңдау құқықтарына құрметпен қарайды. ТШО-да алғашқы ұжымдық келісім- шартқа 1996 жылы қол қойылды, содан бері ұжымдық келісім шартқа өзгерістер енгізу және оны талқылау үшін еңбек ұжымының өкілдерімен тығыз қарым- қатынаста жұмыс жүргізілуде.


2010 жылы компания қызметкерлерге берілетін әлеуметтік пакетті толықтырып, жаңа ұжымдық келісім- шартқа қол қойды. Жұмысқа қызметкерлер алу жөніндегі бағдарламаның негізгі аспектілерінің арасында жалақы деңгейінің жоғарылығын, жұмыс қорытындысы бойынша берілетін сыйақыны, шетелде тәжірибе ұштау мүмкіндігін және мамандарды халықаралық үздік стандарттар деңгейінде дайындау бағдарламасын атап айтуға болады. ТШО-ның 2008 жылдан бері қызметкерлерді дайындауға бөлген қаржысының 3,6 миллионнан 2012 жылы 8,3 миллион АҚШ долларға дейін, яғни 131% өсуі компанияда қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы тұрақты қамқорлықтың қаншалықты екенін айғақтаса керек.


ТШО сондай-ақ мердігерлердің де ұжымдық шарттар жасасу тәжірибелерін қолдайды және соның нәтижесінде бүгінгі таңда ТШО-мен жұмыстас 30-дан аса мердігер ұйым өз қызметкерлерімен ұжымдық шартқа отырып, облыстық бақылау және әлеуметтік қамту департаментіне тіркелді.


Тұрғынжай несиесі

Ұзақ жылдардан бері қалыптасқан қызметкерлерге тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын жайын жақсартуға өсімсіз несие беру тәжірибесі ТШО-ның өзіндік ерекше дәстүрі болып табылады. Осы бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы 2010 жылдың сәуірінен бастап жалпы мөлшері 59 миллион АҚШ долларынан астам 500-дей несие беріліп, соның нәтижесінде қызметкерлер өздерінің тұрмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алды.


Бұрын банктен несие алуға қол жеткізе алмаған олардың көпшілігі қазір өз жанұялары үшін тұрғын үй жағдайларын жақсартып қана қоймай, несие бойынша әдетте банктер ұсынатын пайызы жоғары өсімдер төлеу машақатынан да құтылды. Тұрғын үй үшін берілетін несие бағдарламасы компания қызметкерлері арасындағы ең танымал болып саналады, тіпті кейбір қызметкерлер несиесін өтеп болғаннан кейін екінші қайтара алуға тағы да өтініш білдіреді.

Медициналық сақтандыру

2012 жылы ТШО-ның барлық жергілікті қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің медициналық сақтандыруының басым бөлігін Қазақстан Республикасының сақтандыру компаниялары жүзеге асырды. Сақтандырылған азаматтардың жалпы саны 6000-ды құрады. ТШО компания қызметкерлеріне стандарттық категориялы қызметтері үшін барлық төлемдерді өз есебінен жүргізді.



Банктік салымдарды қосымша қаржыландыру бағдарламасы

ТШО-да қаржыларының бір бөлігін банктік депозиттерге салған қызметкерлерді қолдау мақсатын көздейтін бағдарлама бар. Қызметкер банктегі өзі ашқан арнайы есеп салымына жылдық жалақысының 10%-ына дейін аудара алады, ал, кәсіпорын сол жинақтау салымына оның жалақысының 3%-ы көлемінде қосымша қаржы қосады. 3 жылдық мерзімді құрайтын салым кезеңінде жоғары өсімді сыйақы мен үстеме есебінен аталмыш қаржы көлемі едәуір өседі. Кесімді мерзім біткеннен кейін қызметкер салымды алуына және өз қалауынша қолдануына құқылы. Бағдарлама мерзімнің бүкіл кезеңінде ТШО тарапынан салымды қосымша қаржыландыру мөлшері арта түседі.


Салауатты өмір салтын қолдау

ТШО-да қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын нығайтуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Кәсіпорын қызметкерлері Қазақстандағы жетекші медициналық сақтандыру агенттіктерінің сақтандыру сертификаттарын өз қалаулары бойынша таңдау мүмкіндігіне ие.


Вахтамен жұмыс істейтін қызметкерлер Теңізде заманауи медициналық құралдармен жабдықталған клиникалардағы жоғары білікті дәрігер мамандардың қызметтерін пайдалана алады. Мұнда олар жыл сайын медициналық байқаудан өтеді, сондай-ақ жедел медициналық жәрдемге қоса басқа да дәрігерлік қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндіктеріне ие.


Кеніште жұмыс істейтіндер үшін тамаша тренажер залдары мен спорт алаңдары жабдықталған.


Мұнда жыл бойына салауатты өмір салтын насихаттау мақсатымен көптеген бұқаралық жарыстар мен шаралар өткізіледі. Атырауда жұмыс істейтін қызметкерлер қаржысының едәуір бөлігі компания есебінен төленген ең үздік фитнес залдары мен дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарына баруға мүмкіндіктері бар. Сонымен бірге, олардың көбі ТШО жұмысшыларының бастамасымен жыл сайын өткізілетін «Желаяқ» марафонына қатысады.


2012 жылы ТШО мұнай және газ компанияларының арасында волейбол бойынша екі, футбол бойынша үш және баскетбол бойынша екі турнир өткізді. Осы жарыстарға 33 футбол, 14 волейбол құрамасы қатысты. Атырау қаласы мен Теңіз кенішінде қатысушылардың жалпы саны 730-ға жетті.