Қазақстандық қамту

Қазақстандық бизнестің әлеуеті мен мүмкіндіктерін нығайту «Теңізшевройл» ЖШС-нің негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Қазақстан мен жергілікті бизнестің тұрақты дамуын қолдау мақсатымен ТШО өзі пайдаланатын қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлес салмағын арттыра түсуде.

ТШО-ның қазақстандық тауар өндірушілері мен қызмет көрсетушілердің үлесін көбейту жөніндегі стратегиясы мынадай төрт бағытты қарастырады:


  • Қазақстандық кәсіпорындарды тарту үшін мүмкіндіктер туғызу
  • Қажетті өндірістік базаны және өндіріс пен қызмет көлемдерін ұлғайту
  • Бизнесті жүргізу үшін қажетті білім мен дағдыларды беру
  • Жергілікті жұмысшы кадрларын барынша пайдалану

Мәселеге осылайша жүйелі де мақсаткерлікпен келу арқылы Теңізшевройл өзі пайдаланған қазақстандық кәсіпкерлердің өнімдері мен қызметтерінің үлесін едәуір арттыра алды. 2012 жылдың қорытындысы бойынша тауарлар мен қызметтерге жұмсалған бюджет шығысының 60%-ын жергілікті компаниялар құрады.


ТШО қазақстандық өндіруші компаниялар үшін мүмкіндіктерді айқындау және пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен, және «Қазақстанның машина жасау одағы» секілді өнеркәсіп одақтарымен қарым-қатынасты белсенді ұстанып келеді.


ТШО КТЖ (Кешенді технологиялық желілер) күрделі жөндеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін «Азот Зауыты» ЖШС-не сұйық азот жеткізуіне сынама тапсырыс берді. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде «Азот Зауыты» ЖШС ТШО-ның жабдықтарды пайдалану және қызметкерлермен жұмыс жасау бойынша қойылатын тиісті талаптарын орындады. «Азот Зауыты» ЖШС-і техникалық қамту мен жөндеу және күрделі құрылыс бойынша алдағы жобаларға қосымша тапсырыстар алды. 2012 жылдың сәуір айында ТШО ЕБЗ/ШГА және КТЖ күрделі құрылыс жобалары шеңберінде азотты жеткізуге және магистралды құбырларды үрлеп тазартуға арналған бас келісімге қол қойды.


«HILL Corporation» (HILL) компаниясы зауытында жоғары сапалы майлау материалдары өндіріледі. Зауыт Қазақстанда осы сала бойынша тұңғыш болып есептеледі. HILL халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін майлардың кең спектрін өндіру арқылы майлау материалдарының тік бағытта біріктірілген кластерін құрып жатыр. ТШО-ның логистика бөлімі HILL өнімдерін ТШО-дағы кейбір көліктерге пайдаланып көрді. Нәтижелері оң болып, ТШО май жеткізу бойынша қазақстандық «HILL Corporation» компаниясымен жұмыс істейтін болды. Сөйтіп, импорттық майды жергілікті компаниямен өндірілетін майға ішінара ауыстырды.

Қазақстандық қамту және шағын бизнесті дамыту

Қазақстандық жабдықтаушылардың тауарлары мен қызметтерінің халықаралық деңгейге сай болуы тұрақты дамудың маңызды тетігі болып табылады. Сондықтан да ТШО Қазақстандағы өз қызметінің даму қарқынын арттыра түсіп, жергілікті компаниялармен іскерлік қатынастар шеңберін кеңейтуге және инвестиция көлемін көбейтуге ынталы. Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыру мақсатымен «Теңізшевройл» ЖШС ірі мұнай-газ компанияларымен бірлесіп жыл сайын форумдар өткізіп келеді. Мысалы, 2012 жылғы Батыс Қазақстанда жаңа өнеркәсіп мекемелерін құруға арналған «Батыс Қазақстандық инвестициялық форумы» өткізілген болатын.


Жабдықтар өндіретін және қызмет көрсететін жергілікті және шетелдік компаниялар, қазақстандық және шетел мұнай компанияларының басшылары мен мемлекеттік органдар өкілдері жергілікті кадрлардың кәсіби біліктілігін дамыту механизмін, сонымен қатар, энергетика саласы үшін қазақстандық тауарлар мен қызметтер мүмкіндігін дамытуды жалғастырудың мәселелерін талқылады. ТШО секілді ірі компаниялармен бизнес жүргізудің стандарттарын, тәртібін және тәжірибесін зерттеуге көмек беру мақсатында түрлі семинарлар өткізілді. Бірлескен компаниялар құрудың мүмкіндіктерін талқылау үшін жергілікті кәсіпкерлер шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесті. Шетелдік және қазақстандық компаниялар арасында бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктеріне ие болды. ТШО қазақстандық компаниялардың тауармен және қызметпен қамту сапасын халықаралық стандарттар талаптарына сай болуын қамтамасыз етуге көмектесіп келеді.


ТШО-ның орта және шағын кәсіпкерлікке несие беру бағдарламасы жергілікті кәсіпкерлік әлеуетінің өсуіне және тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейінің артуына қамқорлықтың тағы бір жарқын мысалы болып табылады. Мұнай-газ саласы үшін тауар шығарып, қызметтерін ұсынып отырған кәсіпкерлерге өсімсіз несие беріледі. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы ТШО осындай несие түрінде 9 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлді, соның нәтижесінде Қазақстанда 1 400 жаңа жұмыс орны ашылды. ТШО несие берумен бірге бизнесті жоспарлауға да жәрдемдеседі.