"САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚҰПИЯСЫН БІЛЕМІН"

Сапалы білім - жарқын болашақтың негізі.

"APEC Training Сenter"-дің негізін қалаушы Марияш Айбасова бұл туралы жақсы біледі. Сол себепті бизнесвумен оқушылары халықаралық сертификат ала алатын оқу орталығын құрады. Бүгінде орталық түлектері Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие. Tengrinews.kz "Жетістік хикаясы" жобасы аясында Марияш Айбасованың идеясы қалай шындыққа айналғанын баяндайды.

Марияш Айбасова - Қарағандының тумасы. Балалық шағы Алматыда өтеді. Оңтүстік астанада мектеп бітіріп, университетке түседі. Марияш бала кезінен-ақ білімге құмар болып, өз әдістері мен ережесі бар мектеп ашуды армандайды. Таңғалатын дәнеңесі де жоқ, себебі ол ғалымдар мен мұғалімдердің отбасынан болатын. 70-жылдары атасы Жәкен Айбасов Гурьев облыстық (Атырау) халық ағарту бөлімін басқарса, әжесі Марияш Айбасова облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының аға әдіскері болады. Ал, өзінің ата-анасы - патенттелген өнертабыс қоры бар ғалымдар.

Адамдардың қалай білім алатындығы, неге біреулерге оқу оңай, ал біреулерге қиынға соғатындығы маған әрдайым қызық болды. Мен үшін білім беру - өте маңызды сала. Төрт баламның да, бауырларымның балаларының да болашағына қатты алаңдаймын. Адам өмірі алған біліміне байланысты болады. Мұны мен өз тәжірибемнен білемін, сондықтан жастарымызға, дарынды отандастарымызға өмір есігі айқара ашық болғанын қалаймын, -дейді ол.

Марияш өзі де көп оқып, тәлімді тәжірибе жинақтаған.

Атап айтқанда, Вашингтондағы Georgetown University-де оқып, жоғары сыныптарға сабақ береді. Кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттерге дәріс оқиды. Бір кез ҚМЭБИ-де оқытушының көмекшісі де болады, кейін Лондондағы Тринити колледжіне барып, тәжірибеден өтеді. Ұлыбритания ағарту министрлігіне есеп әзірлеумен айналысады. Марияш Айбасова білім сапасын осылай бақылаған.

Ұлыбританияда жүріп, білім берудің жоғары сапасының құпиясын аша алдым деген ойдамын. Ендігі мақсатым – Қазақстанда білім берудің халықаралық стандарттарын енгізу. Шетелдегі әріптестеріммен жиі хабарласып тұрамын. Олар маған жергілікті менталитет сияқты объективті ұғымның жоқтығын айтып, тек білім сапасының төмендігі мен білім берудегі сапаның төмендеуіне әкелетін процестердегі олқылықтардың барлығын түсіндірумен болады, - дейді әңгімесін сабақтай түскен ол.

Бүгінде Марияш білім берудегі олқылықтарды жоюмен айналысуда.

10 жылға жуық шетелде оқып, жұмыс істеп келген ол 2017 жылы отанына оралып, мүдделестерімен бірге "APEC Training Center" оқу орталығын ашады. Қазір бақылау кеңесінің мүшесі. Оқу орталығында халықаралық бағдарламалар мен стандарттар бойынша құрылыс, мұнай-газ, тау-кен өндіру және басқа да салаларға техникалық қызметкерлердерді даярлаумен және аттестациядан өткізумен айналысады. Әдетте, дәнекерлеу, монтаждау, электр, бұрғылау, мұнай жабдықтарымен жұмыс, биіктікке қатысты жұмыстар, қауіпсіздік техникасы мен басқа да көптеген пәндер бойынша сертификаттарды ірі халықаралық орталықтар береді.

apec

Әлемде техникалық білім берудің стандарттары мен көшбасшылары бұрыннан бар. Ал, сұранысқа ие мамандар АҚШ, Ұлыбритания, Германия және т.б. ірі техникалық орталықтардың немесе корпоративтік алыптардың сертификаттарына ие. Өкінішке орай, Қазақстанда техникалық мамандықтардың барлық өкілдерінің өз білімдерін растау және сондай халықаралық сертификаттарды алу үшін, Хьюстонға немесе Абердинге, Лондонға немесе Дубайға баруға мүмкіндігі жоқ. Содан бұл орталықтарды Қазақстанға әкелуді ұйғардық. Бізді "Теңізшевройл" (ТШО) компаниясы қолдады, олар Келешек Кеңею Жобасын - Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) жүзеге асыруды бастады және күн сайын кадрлардың құзыреттілігі проблемасымен, сондай-ақ оларды күрделі технологиялық міндеттерге даярлау қажеттілігімен бетпе-бет келіп отырды. "APEC Training Center" құрылғалы 5 жыл өтті, бүгінде техникалық мамандарымыз шетелге шықпай-ақ, халықаралық үлгідегі сертификаттарды бізден ала алатын болды.

Марияш осындай сертификаттармен мамандар тек Қазақстанда емес, шетелде де сұранысқа ие болады деп сенеді.

Оқыту ыңғайлы болу үшін, "APEC Training Center" Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлерінде - Атырау, мен Ақтауда, Теңіз бен Ақсайда өз кампустарын салды, ал адамдар ірі мұнай-газ жобаларында және тау-кен секторының ірі компанияларында оқиды.

Барлық саладағы жұмыс берушілер білікті кадрлардың жетіспейтіндігіне, түлектердің білімі мен дағдыларының жоқтығына шағымданады. Біздің қазақстандық мамандар - көп жағдайда тек қағаз жүзіндегі мамандар. Бұл жеке студенттің, оқытушының немесе колледждің кінәсі емес, бұл - жүйелі мәселе. Мен сізге өмірімнің бір ерекше жағдайын айтайын. 2000-жылдардың басында бірінші тұңғышым дүниеге келгеннен кейін көлік жүргізуді ұйғардым. Курстарға жазылдым, оларға қалмай барып жүрдім, ережелерді үйрендім, алдымен автодромда, содан кейін қала бойынша нұсқаушымен тәжірибеден өттім. Емтихан өтетін күні біз жол полициясына 20 адамнан тұратын топпен келдік, бірден біздің топқа "кеңесші" келіп, емтиханнан сәтті өту үшін қанша ақша жинау керегін айтты. Мен төлемейтінімді және 100 пайыз тапсыруға дайын екенімді айттым. Ол әлі ешкім өздігінен тапсыра алмағанын және емтихан алушы мені қалай құлата салатынын айтты. Барлығы ақшамен тапсырды, мен емтихан тапсыруға бірінші болып кірдім. Емтиханды әп-дегеннен сәтті тапсырдым. Нәтижесінде бәріміз, 20 адам бірдей жүргізуші куәлігін алдық. Сол сияқты біздің еліміздегі емтихандардың көпшілігі, мейлі ол мектеп, колледж, университет болсын, осылай өтеді. Дайындалып, шын біліммен тапсыра алатындар санаулы, бірақ диплом бәріне бірдей беріледі. Есептеп көрсек, 20-дан 1, бұл - 5 пайыз. Тағы бір оқиға Атырауда болды. Бір өндірістік компания бізден қазақстандық дипломдары мен куәліктері бар 200 дәнекерлеушіні тәжірибелік тестілеуден өткізуді сұрады. 200 адамның 20-сы тестіні сәтті тапсырды. 200-ден 20-ны есептеп көріңіз, бұл - 10 пайыз. Енді 30 жыл ішінде қанша диплом берілгенін елестетіп көріңіз, кім өзі тапсырғанын, кім төлеп өткенін ешкім білмейді. Ал, бұндай тобырдан нағыз маманды табу өте қиын, - деп әңгімесін сабақтай түсті.

Жетістік хикаясы подкаст түрінде қолжетімді

"Сапалы білім берудің құпиясын білемін". Атыраулық бизнесвуменнің жетістік хикаясы

appstore GooglePlay

Осындай себеп-салдармен бетпе-бет келген Марияш нағыз маманды өзі әзірлеп шығаруға бел буады

Еңбегі нәтижесіз емес. Орталық көмегімен 5,5 мыңға жуық адам білім алып, аттестациядан өтті. Тағы 10 мыңға жуығы Атырау қаласындағы "APEC PetroTechnic" Жоғары колледжінде оқиды. Айта кету керек, бұл колледж Марияштың орталығымен жұмыс істеуге тәуекел еткен алғашқы мемлекеттік оқу орны болды.

Біз мемлекеттік колледж директорына жұмыс моделін түсіндіріп, жаңа модель бойынша халықаралық аккредиттеуді енгізуге 5 жылға меморандум мен шарт жасастық. Колледж бен министрлікке халықаралық агенттіктермен ынтымақтастық қажет болды, нәтижесінде колледжге оқытылған қызметкерлер, оқу бағдарламалары мен материалдар түрінде мұра қалады, бұл біздің жұмыс моделіміз. Ашық процестерді және NCCER халықаралық стандарттарын енгізу мемлекеттік колледжге Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын - "Теңізшевройлмен" келісімшарт алуға көмектесті. Біз бұл табысты жұмыс берушілердің талаптары мен түлектердің білімі арасындағы алшақтықты барынша азайту үшін бүкіл Қазақстан бойынша басқа мемлекеттік колледждерге экстраполяциялағымыз келеді", - дейді ол.

uspeh-3

"APEC Training Center" басқа да мемлекеттік техникалық колледждермен белсенді ынтымақтастық орнатқан, бұдан әрі олардың жоспарында дайын мамандарды Қазақстан бойынша түрлі жобаларға, ал кейінірек - жақын және алыс шетелдерге жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда орталық Атырау облысының жұмыссыз азаматтарын оқыту бойынша "Теңізшевройл" компаниясының жобасына, әлеуметтік жауапкершілік және ККЖ-ҰЕҚБЖ мұрасын сақтау бағдарламасы аясында қатысуда. Қазірдің өзінде орталықтан 500-ге жуық адам білім алып шықты.

Оқуды тәмамдағандардың дені лайықты жұмыс тауып, мансап биігіне қол созса, ал енді біреулері өз компанияларын ашып, Атырауда құрылыс және жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Сайып келгенде, бағдарлама жергілікті балалар үшін болашаққа трамплин болды.

Марияштың айтуынша, алғашқыда оған ТШО сияқты алпауытпен жұмыс істеу біршама қиынға соғыпты.

Өйткені, олардың қамтушыларға қоятын талаптары жоғары. Бірақ жұмыс барысында Марияштың командасы талапшылдық тек тәртіпті болуға және үнемі жетілдіруге көмектесетінін түсінді.

Кейде біржақты көзқарас болып жатқандай әсер қалдырды. Бірақ бұл қате түсінік болып шықты. Шын мәнінде, ТШО-ға сапалы және уақтылы нәтижелер қажет және біз бәріміз - мердігерлер үлкен тізбектің буындары ғанамыз. Жобадағы жұмыстардың орындалу мерзімі мен сапасы сақталуы үшін барлық процесс ашық және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Бұл үнемі сергек болуға, үнемі дамуға үндейді. ТШО халықаралық сапа және есеп беру стандарттарын қолданады. Біз де осы стандарттардың барлығын өз компаниямызға енгіздік және процестеріміз бен қызметтеріміздің сапасын жақсартуды жалғастырамыз.

Қай салада болсын жаңа идеяларды насихаттау өте қиын. Марияш Айбасова мұны жақсы түсінеді. Бірақ ең бастысы, оның пікірінше, басты назарды түпкі мақсатқа аударып, күнделікті болмашы қиындықтардың тура жолдан тайдыруына жол бермеу.

Бұл өзімді, айналамдағы адамдарды, өзімді және олардың эмоциялары мен мотивацияларын түсінуді, эмоцияларымды басқаруды талап етеді. Бұл өзім үшін ең қиын нәрсе. Орыс халқының "Терпение и труд – все перетрут" деген мақалы әрқашан өзекті және сәттіліктің кепілі. Техникалық білім беру саласында жұмыс істеуде әйел адам екенім де қиындық туғызады. Өзгелердің мені ер әріптестерімнің біреуінің хатшысы немесе жеке көмекшісі деп қателесетін жағдайлары да болып жатады. Мұндайда бәрін әзілге айналдырып, келіссөздерде көңілді көтеруге сеп боламын да, содан кейін кәсібилігіме ден қоямын. Не туралы сөйлесіп жатқаныңызды және тұтынушылардың мәселелерін қалай шешуге болатынын жақсы білетініңізді көрсете білсеңіз, олар енді сіздің әйел, не ер екеніңізді ескермейді.

Әрине, Марияш өмірінде бәрі де мінсіз болды демейді.

Ол кез келген жағдайда белгілі бір өмірлік принциптерді ұстанады: әділ болу, өз меніңді жоғалтпау және өз ісіңе сене білу.

Әрқашан және барлық жағынан тек жеңіске жете беру мүмкін емес. Сәтсіздікке ұшыраған жағдайда бәрін талдап, қателіктер мен кемшіліктердің қай жерде болғанын түсінуге, оларды түзетуге және алға қарай жылжуға тырысамын. Отбасыңызбен және достарыңызбен өткізген уақыт – күш-қуат жинаудың тамаша құралы. Отбасыммен керемет бақыттымын. Жұбайым, алтын енем, балаларым, бәрі мені қолдайды және алға ұмтылуыма шабыттандырады. Қайын енеңнің қолдауын, үйдің таза және балалардың тоқ екенін кездесулер мен іссапарларға кешігіп бара жатқанда, әсіресе қазақстандық дәстүрлі қоғамда есту көбінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ шығар.

Марияш Айбасова Қазақстанның әрбір азаматының сапалы білім алуға құқығы бар екенін және оған елдің кез келген жерінде қол жеткізуі тиіс екенін анық түсінеді.

Сондықтан қазір ол мүдделестерімен бірге білім беру және жұмысқа орналастыру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді көздеп отыр.

Все права принадлежат