Атырау облысында екі қоғамдық-мәдени орталық пайдалануға берілді

24 мамыр 2019
Ecology

2019 жылдың 23 мамыр күні – Индер ауданы, Атырау облысы. «Теңізшевройл» ЖШС жүзеге асыратын «Игілік» атты ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында Атырау облысында екі қоғамдық-мәдени орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің орынбасары Таубаев Нұрлан Бақтыбайұлы және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас менеджері Әсет Құрманбаев бастаған компания өкілдері қатысты.

Индер ауданының Есбор және Бөдене ауылдарындағы қоғамдық-мәдени орталықтарында сыйымдылығы 300 және 200 адам болатын көрермендер залдары, сондай-ақ тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруға арналған басқа да үй-жайлары бар. Жоба бойынша әр орталықтың екі қабатында кітапхана және оқу залы, би залы, үйірме, музыкалық, әкімшілік және техникалық бөлмелер қарастырылған. Екі орталықтың аумағы жақсылап жабдықталған және көгалдандырылған.

«ТШО – жергілікті қоғамдастықтың бір бөлігі және біз бүкіл облыс тұрғындарының компанияның әлеуметтік салаға қосқан үлесінен оң нәтиже алғандығын қалаймыз. 1993 жылдан бастап ТШО Атырау облысындағы түрлі әлеуметтік жобаларға 1,7 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бөлді» – деп атап өтті Әсет Құрманбаев.

Бұл Индер ауданының 30 мың тұрғыны үшін компания жүзеге асырған «Игілік» аясындағы жалғыз инфрақұрылымдық жобалар емес. 2016 жылы Индербор ауылында 400 адамға арналған көрермен залы бар мәдениет үйі салынды. Бір жылдан кейін компания Ынтымақ ауылында 120 орындық мектепті іске қосты.   

ТШО өзінің «Игілік» атты ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында Атырау обылысында 84 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын салып, нәтижесінде мұғалімдер, дәрігерлер және техникалық қызметкерлер үшін мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының 2019 жылғы бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Аталмыш қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады.