Атырау қаласында 624 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді

01 қыркүйек 2019
Ecology

Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырау қаласында 624 орындық жаңа мектеп өз есігін айқара ашты. Бұл қарқынды өсіп келе жатқан және мыңдаған тұрғыны бар Жұлдыз шағын ауданы үшін алғашқы орта білім беру орталығы болды. Мектептің құрылысын «Теңізшевройл» ЖШС ерікті «Игілік» бағдарламасы аясында қаржыландырған болатын.

«Біз ТШО-ның қызметі ел мен облысқа экономикалық пайдасын ғана емес, сонымен қатар өзіміз тұрып жатқан жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік әл-ауқатына оң әсерін тигізіп отырғанына қуаныштымыз. Атырау облысының әкімдігімен және жұртшылықпен тығыз ынтымақтастығымыз әрі қарай өнімді түрде жалғасады деген үміттеміз. Барлығымыз осындай өңірге қажетті әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының пайда болуына әлі де бірге куә боламыз деп сенемін», - деп атап өтті мектептің ашылу салтанатына қатысқан Рзабек Артығалиев, ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері.

Мектептің ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы балаларды, мұғалімдерді және ата-аналарды білім күнімен құттықтай отырып, Теңізшевройл ЖШС-ң облыстың әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына қосқан үлесін атап өтті.

«Өңіріміздегі әлеуметтік маңызы зор нысандарының құрылыс жұмыстары бірнеше жыл қатарынан Теңізшевройл мекемесінің демеушілігімен атқарылып келеді. Әлеуеті мол мекеменің жұмысына сіздердің аттарыныздан алғысымды білдіремін», - деді Құттымұратұлы мырза жиналған қауымға.

Сондай-ақ бүгінгі Білім күнінде алғашқы қоңырау 59 қала мектептерінде соғылғаны туралы да айтып кетті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа мектеп Жұлдыз шағын ауданындағы алғашқы орта білім беру орнына айналғалы отыр. Осыған дейін оқушылар білім алу үшін көрші ауылдағы мектепке баруға мәжбүр болған еді.

Жоспарға сәйкес, мектеп ғимараты үш саты бойынша 25 сыныпты оқытуға арналған. Бірінші саты үшін 8 сынып, ал екінші және үшінші сатылар үшін, сәйкесінше, 11 және 6 сынып қарастырылған. Мектеп аумағы теннис, баскетбол және футбол алаңдарымен, жүгіруге арналған жолдармен, сондай-ақ ашық аспанда жаттығулар жасауға арналған арнайы орындармен жабдықталған.

Осы жылы «Игілік» ерікті бағдарламасы аясында қала қолданысына 50 автобуссатып алу, Атырау облысы Индер ауданына екі әлеуметтік-мәдени орталығын, сонымен қатар облыстың Жылыой ауданына дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен балабақша салу секілді жобалар қаржыландырылған болатын.

Жылдық бюджеті 25 млн АҚШ доллары болатын «Игілік» ерікті бағдарламасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің Атырау облысындағы әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын қолдауға бағытталған корпоративтік жауапкершілігі саласындағы негізгі бастамаларының бірі болып табылады. Осы күнге дейін аталмыш бағдарлама аясында 90-нан астам жоба жүзеге асырылды. 1993 жылдан бастап ТШО-ның әлеуметтік салаға қосқан жалпы үлесі 1,8 млрд АҚШ доллардан асты.