Маңғыстау облысының Құрық ауылында роботты техника және 3D модельдеу кабинеті ашылды. №1 орта мектептегі сыныптардың бірін тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен жүзеге асты.
«Сандық экономиканың қажеттіліктері үшін білікті мамандар даярлау - бұл еліміздің және түгелдей қоғамымыздың басты міндеттерінің бірі. Мектеп оқушыларының қызығушылығын оятатын және 3D модельдеу мен роботты техниканың негізгі дағдыларын үйретуге көмектесетін бастамаларды қолдау бізді қуантады», - деді кабинетті таныстыру барысында ТШО үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.
№1 орта мектептің жаңа роботты техника сыныбы 3D принтерімен, роботтарды жинауға арналған негізгі және ресурсты LEGO жиынтықтарымен, қарапайым автоматтандыру жүйелерін, сенсорлар мен бағдарламалық жасақтамаларды құруға арналған аппараттық-бағдарламалық құралдарымен жабдықталған. Бұл кабинет оқушыларға робототехника, 3D модельдеу және бағдарламалауды басынан бастап меңгеруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорын тарихында бұл «Теңізшевройл» ЖШС мен Құрық ауылының тұрғындары арасындағы ынтымақтастың алғашқы тәжірибесі емес. Осы жылдың наурыз айында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында кәсіпорын жергілікті мәдениет үйіне музыкалық және сахналық жабдықтар сатып алуға қолдау көрсеткен болатын.
Маңғыстау облысында ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы 2018 жылдың қыркүйегінде іске қосылды және Келешек кеңею жобасы - Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы аяқталғанға дейін жүзеге асырылады. Бағдарлама Ақтау, Форт Шевченко, Баутино, Құрық және Боранқұл ауылдарында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысындағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік кәсіпкерлік, экологиялық туризм, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобаларды сәтті жүзеге асыруда.