Форум мақсаты нарықтық мүмкіндіктерді зерттеу және әлеуетті жеткізушілерді іздеу.
Алматыда кадрларды даярлау бойынша қызметтерді жеткізушілердің форумы өтіп жатыр, оған 60-нен астам компания қатысуда. «Теңізшевройл» компаниясының ұйымдастыруымен өткізілген шараның мақсаты - нарықтық мүмкіндіктерді зерттеу және әлеуетті жеткізушілерді іздеу болды.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Мұқашев: «Әлеуетті жеткізушілерге ТШО-ның қызметтерге және жұмысқа деген қажеттіліктері туралы білуге мүмкіндік беретін семинарлар мен форумдар біз үшін де, бизнес үшін де тиімді құралға айналды», - деп түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл кәсіпорынның ұйымдастырған алғашқы жеткізушілер форумы емес. Өткен жылы ТШО ақпараттық технологиялар мен нысандарды басқару, логистика және тамақтандыру бойынша қызметтерді жеткізушілер үшін осындай форумдар өткізген болатын. Бұл формат тек нарықтық мүмкіндіктерді зерттеуге және ТШО процестері туралы айтуға ғана емес, сонымен қатар B2B сессияларын тікелей жеткізушілермен өткізуге мүмкіндік береді.
Форумға сонымен қатар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және KAZENERGY қауымдастығының өкілдері қатысады.
Іс-шара барысында «Теңізшевройл» ЖШС мамандары жеткізушілерді іріктеу және алдын-ала іріктеу процесі, компанияның қажеттіліктері және оқыту қызметіне деген талаптары туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.
ТШО-ның адам ресурстары басқармасының өкілдері атап өткендей, қызметкерлерді үнемі оқыту және дамыту, нәтижесінде компания қызметкерлерінің құрамындағы қазақстандықтардың үлесі арта түскен стратегияның бір бөлігі болып табылады. Қазіргі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-нің қызметкерлер құрамының 89%-ы қазақстандықтардан тұрады. 1993 жылы бұл көрсеткіш 50%-ды құраған еді. Ал басшылар құрамындағы қазақстандықтардың үлесі 72%-ға дейін өсті.