ТШО 2019 жылғы жұмыс нәтижелерін жариялады

17 ақпан 2020
Ecology

Теңізшевройлдың қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу шығындары рекордтық деңгейге жетті.

2019 жылы «Теңізшевройл» ЖШС 4,6 миллиард доллардан астам қаражатқа қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда отандық өндірушілердің өнімдері мен қызметтері бойынша шығындар 31%-ға өсті. Бұл көрсеткіш ТШО-да 1993 жылдан бастап есептегенде рекордтық көрсеткіш болып танылды.

Шығындардың негізгі бөлігі Келешек кеңею жобасы – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы бойынша болды. Осы жоба аясында қазақстандық компаниялар 3,25 миллиард доллардан асатын тауарлар мен қызметтер жеткізді. Жалпы, жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері ККЖ-ҰЕҚБЖ-ның қазақстандық қамту бойынша шығындары шамамен 8,4 млрд долларды құрды.

2019 жылы шикі мұнай өндірісі 29,79 млн тонна көлемінде рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 4%-ға өсті. Сұйытылған және құрғақ газды сату сәйкесінше 1,3 миллион тоннадан және 7,9 миллиард текше метрден асты.

Қазіргі таңда ТШО-ның негізгі өндіріс қызметкерлерінің, ККЖ-ҰЕҚБЖ-сын қоспағанда, 89%-ы қазақстандықтардан құралады. Кәсіпорын басшылар тобы құрамында Қазақстан Республикасының азаматтары барлық лауазымдардың 80%-н иеленіп отыр.

Өткен жылы ТШО-ның Қазақстан экономикасына жасаған тікелей төлемдері 10,6 миллиард доллардан асты. Бұл төлемдерге қазақстандық қызметкерлердің жалақысы, отандық өндірушілер мен жеткізушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алу, мемлекеттік кәсіпорындарға төлемдер, қазақстандық серіктестерге дивидендтер, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылған салықтар мен роялти кіреді. 1993 жылдан бастап Қазақстан экономикасына түскен тікелей кіріс 146 миллиард доллардан асты.