ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ 2019 ж. әлеуметтік инвестициялар бағдарлама нәтижелерін қорытындылады

28 ақпан 2020
Ecology

«Теңізшевройл» ЖШС Атырау облысындағы 2019 жылға арналған әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының нәтижелері бойынша қорытынды жасады. Жұртшылықтың, әкімдік өкілдері мен кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген іс-шара кәсіпорынның Атырау қаласындағы бас кеңсесінде өтті. Іс-шараға қатысушыларды ТШО бас директоры Имер Боннер қарсы алды.

«Биылғы жылы мерейтой жылы болғалы тұр. Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының құрылғанына 10 жыл толды. Барлық серіктестерімізді, үкіметтік емес ұйымдарды құттықтай отырып, оларға алғыс айтқым келіп тұр. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында қоғамға игі әрі маңызды жобалар жүзеге асырылуда», - деді Боннер ханым келушілерге. Ол, сондай-ақ, Президент Тоқаевтың 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялағанын еске салып, барлық белсенділерді осы жаңалықпен құттықтады.

ТШО әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы өз бастауын 2010 жылы алды және қоғамдық ұйымдарын білім беру, денсаулық сақтау, экология, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік және адами капиталды ұлғайту саласындағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге тартуға бағытталған.

 «2019 жылы 7 үкіметтік емес ұйымдар Атырау облысы аумағында 7 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Осы мақсатта ТШО әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында бір миллионнан астам АҚШ долларын бөлді», - деді ТШО үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Өткен жылы бағдарлама аясында Атырау қ. балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруының алдын алу саласындағы жобалар басталды, топырақ, су және өсімдіктерді зерттеу зертханасы құрылған, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау бойынша жұмыстарын жалғастыруда.

Аталмыш бағдарламалардың аясында жүзеге асырылатын жобалар жиі марапатталып жүр. Мәселен, өткен жылы «Ынтымақ» еріктілер бағдарламасы ұлттық еріктілер желісі ұйымдастырған «2019 Қазақстанның ең үздік еріктісі» байқауында» корпоративтік еріктілік номинациясы бойынша екінші орынды иеленді. Ал, «Ынтымақ» бағдарламасы аясында ТШО қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері арасынан волонтерлер қайырымдылық, білім беру, әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүзеге асырады.

2019 жылы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының барлық бенефициарлары облыстың 12 мың тұрғыны болды. 2020 жылы ТШО осы бағдалама аясында 10 қоғамдық ұйымдарымен жұмысты жалғастыруды көздеп отыр.

Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы және «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың ерікті бағдарламасы «Теңізшевройл» ЖШС корпоративтік жауапкершілігінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. 1993 жылдан бастап Атырау облысының әлеуметтік жобаларына кәсіпорынның жиынтық үлесі 2 млрд АҚШ долларына жақындады.