Кевин Лайон 23-ші Дүниежүзілік мұнай конгресі шеңберінде өткен Қазақстандық министрлік сессиясында ТШО туралы сөз сөйледі

08 желтоқсан 2021
Ecology

2021 жылдың 7 желтоқсанында Хьюстон қаласында ҚР Энергетика министрлігі мен Дүниежүзілік мұнай кеңесі Ұлттық комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстандық Министрлік сессиясы болып өтті.

Сессияны ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков ашып, «Қазақстанның мұнайгаз саласының стратегиясы мен даму болашағы туралы» әңгімеледі.Ол өз сөзінде «Қазақстан 2030 жылға таман күніне 2 млн баррель немесе жылына 100 млн тоннадан астам мұнай өндіру деңгейіне жетуді жоспарлап отыр...сондай-ақ жылдық газ өндіру көлемі шамамен 85 млрд м3 және электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздері шамамен 15% жетеді» деп атап өтті.

Сондай-ақ, Мұрат Жүребеков Қазақстан Үкіметі заңнамалық негізде маңызды реформалар жүргізе отырып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін барлық жағдайды белсенді қолдайтынын және жүзеге асыратындығын айтты.

«Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) бас директоры Кевин Лайон өз сөзінде кәсіпорын болашағы мен ондағы инновациялар туралы баяндады: «ТШО цифрлық трансформация саласында ауқымды жетістіктерге қол жеткізді. Мен қазірдің өзінде іске қосылған цифрлық шешімдердің мүмкіндіктеріне таң қалудамын. Цифрландыру кәсіпорын бизнесінің дамуына ықпал ететін негізгі фактор болып қала беретіні анық. 2020 жыл біз үшін, цифрландыруды операциялық модельге толығымен енгізген бетбұрыс кезеңі болды.Цифрлық мүмкіндіктер тиімділік нәтижелеріне сілтеме жасау арқылы келісілді, бұл нақты басымдықтарды анықтауға оңды нәтижелерге қол жеткізуге кепілдік береді».

Жамболат Сәрсенов, KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары: "Қазақстан ұлттық комитеті тұрақты негізде Министрлер сессияларын ДМК конгрестерінде өткізеді. Біз ДМК-ға мүше елдермен коммуникацияларға, өзекті мәселелерді талқылауға үлкен көңіл бөлеміз және Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласының дамуы туралы хабарлап отырамыз",- деді.

Сессия министрліктер басшыларының, халықаралық мұнай-газ ұйымдары мен Дүниежүзілік мұнай кеңесі ұлттық комитеттері қатысушыларының және сарапшылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.