Атырауда 280 орындық жаңа балабақша ашылды

15 желтоқсан 2021
Ecology

Атырау қаласындағы Ракуша ауылының 280-орындық жаңа балабақша «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі-ТШО) «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларының ерікті бағдарламасы аясында салынды. Бұл компания Атырау облысында 1999 жылдан бері салған 15-ші балабақша және 32-ші білім беру нысаны болып саналады.

Балабақшаның ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қатысты. Қала әкімі Қайрат Оразбаев өзінің құттықтау сөзінде ел болашағы — жас ұрпаққа тәрбие берудегі балабақшаның орнына тоқталып, бүлдіршіндерге барынша жағдай жасау басты мақсаттардың бірі екенін айрықша атап өтті: «Бүгін біз еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында қаламызда тағы бір білім беру ошағын іске қосқалы отырмыз. Бұл осы айналада тұратын отбасылар үшін де үлкен қуаныш, айтулы оқиға. Ендеше баршаңызды осы қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын және балабақша ұжымына табыс тілеймын!»

 

Ракуша ауылындағы жаңа балабақша 3 жастан 7 жасқа дейінгі 280 балаға арналған. Ауданы 2785 шаршы метр болатын ғимаратта балалардың қолайлы дамуы мен денсаулығы үшін барлық жағдай жасалған. Оның ішінде, көлеңкеленген 14 топтық алаң, жалпы дене шынықтыру және жол қозғалысы ережелерін зерттеуге арналған алаң, сонымен қатар, ғимаратта гимнастикалық және музыкалық сабақтарға арналған әмбебап зал, дене тәрбиесіне арналған зал, сондай-ақ әмбебап үйірме үй-жайы бар.

Өз кезегінде сөз алған ТШО-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев: «Теңізшевройл білім берудің сапасы мен қолжетімділігін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Компания әрбір бала мен жасөспірімнің жеке қабілетін дамыту үшін жастарды икемді дағдыларға оқыту және кәсіптік бағдарлау жобаларын қолдайды. Ал үстіміздегі жылы ТШО көру қабілетінен айрылған және нашар көретін балаларға Брайль қарпін қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде бірегей тренажердің көмегімен үйретуге көмектесетін «Sezual» жобасын қолдады. Тағы бір мысал - Қазақстанның барлық аумағында әлеуметтік желілердің көмегімен қазақ тілін үйренуді ынталандыратын академик Қабдолов қоры»,- атап өтті.

Жыл сайын «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында ТШО мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау инфрақұрылымы, қоғамдық кеңістіктер және басқа да әлеуметтік нысандар құрылысына 25 млн АҚШ долларын жұмсайды. Сондай-ақ, жыл сайын 2 млн АҚШ доллары экономикалық дамуды ынталандыру, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді мүмкіндіктер жасайтын әлеуметтік жобаларға жұмсалады.