Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Атырау облысына жұмыс сапары барысында Теңіз кен орнында болып, компанияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметімен танысты. Министр Экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасовпен және Атырау облысы экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовпен бірге үшінші буын зауытының құрылыс алаңын, кешенді технологиялық желіні, екінші буын зауытын, сонымен қатар, ағын суларды тазарту қондырғысын (АСТҚ) және суды қайта пайдалану қондырғыларын (СҚП) аралап көрді.
Экология министрі «Теңізшевройлдың» (ТШО) қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтынын және экологиялық көрсеткіштерді үздіксіз жақсартуға көңіл бөлетінін ескере отырып, кейінгі жылдарда өндіріс көлемі ұлғаятынына қарамастан, қолданыстағы шығарындылар шегінде қалу үшін өндірістің сенімділігін арттыру қажеттігін айтты.
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев: «Менің ойымша, кемелдікте шек жоқ, сондықтан біз тиісті талаптарымызды қойып, бұл жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз», - деп атап өтті.
ТШО соңғы 20 жылдық қызметінде (2000-2021 жылдар аралығында) шикі мұнай өндіру көлемін 26 есе арттырғанына қарамастан, ауаға жіберілетін шығарындылардың қарқындылығын азайтуға қол жеткізді. Бұндай нәтижеге экологиялық мониторингті тиімді пайдаланудың және өндірістің сенімділігін арттыруға бағытталған ірі күрделі жобаларды қаржыландырудың арқасында қол жетті. Сондай-ақ,технологиялық процестер мен жабдықтарды жаңарту нәтижесінде, 2009 жылдан бері ілеспе газды үздіксіз жағу тоқтатылып, өндірілген газдың 99%-ы экспортқа шығарылатын немесе компанияның ішкі қажеттіліктеріне пайдаланылатын болды.
Ал, 2021 жылдың қазан айынан бастап, ТШО кәсіпорынның қызмет және санитарлық-қорғау аймақтарына жақын орналасқан төрт қоршаған ортаны бақылау станциясынан (ҚОБС) нақты уақыт режимінде ауа сапасына қатысты деректермен бөлісуді жүзеге асырды. ҚОБС деректері AirKZ мобильді қосымшасында және Қазгидромет сайтында қолжетімді, сондай-ақ интерактивті карта интерфейсі арқылы қарауға мүмкіндік туады.
Тұщы судың табиғи-әлеуметтік және экономикалық ресурстың негізін қалаудағы жоғары құндылығын жақсы түсіне отырып, ТШО оны тиімді пайдалануға ерекше назар аударады. 2021 жылы Теңіздегі суды қайта пайдалану жалпы су тұтыну көлемінің 46%-ын құрады. ТШО-ның мақсаты –магистральды су таратқыш құбырларынан 10 жыл бұрынғы су алу көлемін сақтай отырып, өзінің өндірістік нысандары үшін өсіп келе жатырған су сұранысын қалыпты деңгейде қанағаттандыру.
ТШО 2016 жылы тұщы су ресурстарын сақтау және ағын суларды басқаруға негізделген ағын суларды тазарту қондырғысын (АСТҚ) және ілеспе суды қайта пайдалану қондырғыларын (СҚПҚ) іске қосты.
Аталмыш нысандарды аралап болғаннан кейін, экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов: «Біз нысандарды көп аралаймыз, ТШО-ның әлемдік стандарттарға сай жұмыс істейтіні көзге көрініп тұр. Біз АСТҚ мен СҚПҚ нысандарын көрдік, ешқандай салыстыруғакелмейді. Өте заманауи жабдық, үш сатылы тазартудан өтеді, нәтижесінде тап- таза су шығады. 46 пайыз айналымды сумен қамтамасыз ету - өте тамаша көрсеткіш. Газды жағу мен шығарындылар үшін де жеткілікті жоғары стандарттар қолданылады.Кәсіпорын тарапынан жақсы жұмыстар атқарылуда. Десек те, дамытуды қажет ететінескертпелер де жоқ емес. Министр жағу мәселелерін қайта қарап, регламеттік қамту арқылы шығарындылар көлемін азайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды» деді.
Бұған қоса, ТШО суды үнемдеу мәдениетін насихаттайтын су ресурстарын сақтау бойынша ақпараттық науқандар өткізіп тұрады. Науқан шеңберінде Қазақстан бойынша ТШО-ның ондаған мың қызметкері мен бизнес-серіктестері су ресурстарын үнемдеудің маңыздылығын көбірек біліп, түсіне бастады.