«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры Кевин Лайон және Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесті. Басты мақсат – тұрғындарды толғандыратын барлық мәселелерді тыңдап, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсету болды.
«ТШО үшін Жылыой ауданы мен Құлсары қаласы ерекше маңызға ие. Біз осында көптеген жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқандықтан, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына шын пейілден мүдделіміз.ТШО мен оның мердігер ұйымдарында еңбек ететін 10 мыңнан астам қызметкер Жылыой ауданының тұрғындары; ауданда біздің 39 мердігер ұйым тіркелген», - деп атап өтті Кевин Лайон.
ТШО-ның «Игілік» ерікті инфрақұрылым бағдарламасы басталғалы 100 жобаның 59-ы Жылыой ауданында жүзеге асырылды. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, спорт нысандары, коммуналдық нысандарды жаңғырту және басқа да жобалар бар.
Соңғы екі жылда «Игілік» бағдарламасының 25 миллион АҚШ долларын құрайтын жылдық бюджетінің шамамен 80 пайызы Жылыой ауданының қажеттілігіне бағытталды. ТШО осы бағдарлама шеңберінде биыл Құлсары қаласындағы аурухана мен орталық стадион нысандарының құрылысын аяқтайды.
Сондай-ақ, 2010 жылдан бері кәсіпорын үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, Атырау облысында білім мен денсаулық сақтау саласын жақсарту бойынша «Ерікті әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасының шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыруда. Жүзеге асқан 94 әлеуметтік жобаның 50-і Жылыой ауданының еншісінде.
Тұрғындармен кездесу барысында Кевин Лайон ТШО-ның ерікті «Игілік» және «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламалары арқылы Жылыой ауданы мен Құлсары қаласына көбірек қолдау көрсету жолдарын іздестіру мақсатында Атырау облысы және Жылыой ауданы әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды. Жалпы алғанда, осы екі әлеуметтік бағдарлама шеңберіндегі жылдық бюджет шамамен 27 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, ТШО Теңіз кен орны және Құлсарыда жүзеге асырылатын өз жобаларына Жылыой ауданы компанияларын тартуды күшейту жолдарын да қарастырмақ.
Кездесу барысында ТШО әлеуметтік қажеттіліктер мен орындалатын әлеуметтік-экономикалық жобалар туралы жергілікті жұртшылықпен ақпарат алмасу үшін Қоғамдық консультативтік кеңес жұмысын қайта жандандырамыз деп жариялады. Консультативтік кеңестің құрамына ұйым басшылары мен жергілікті тұрғындар, әкімдік, ТШО өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар кіретін болады. Тұрғындарда ТШО-мен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігі болуыүшін Құлсары қаласынан ТШО-ның өкілдік кеңсесін қайта ашу жоспарланды.
Кездесу барысында ТШО өзінің қоршаған ортаны қорғау көрсеткіштеріне қатысты тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. ТШО 2000 жылдан бері ауаға шығарылатын жалпы шығарындыларды азайту және ауа шығарындыларының қарқындылығын 65%-ға төмендету үшін шамамен 3,1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Сондай-ақ, канализация-тазарту және су тазарту қондырғыларын салды. Қазіргі таңда Теңіз кен орнындағы су қорлары тазартылуда және оның 46 пайызы қайта пайдаланылуда. Өткен жылы ТШО Атырау облысының әкімдігімен Құлсарыда 50 гектар жерге ағаш отырғызу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жыл соңына дейін алғашқы 15 гектар жерге 9 мың түп көшет отырғызылатын болса, оның 50-ін Құлсары қаласының жегілікті тұрғындары Халел Жамаловпен және Кевин Лайонмен бірге кездесуге дейін отырғызды.
«Көріп отырғандарыңыздай, ТШО өз қызметін Қазақстан Республикасының барлық заңдылықтарын, ережелері мен талаптарын сақтай отырып, әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік жағдайында жүргізуге міндеттенеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз ететін құзыретті орган болып табылатынын және ТШО Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қызметі жөніндегі барлық тиісті есеп-ақпарларды ұсынып отырғанын атап өткен жөн», - деп түсіндірді ТШО бас директоры Кевин Лайон.