Түркістан қаласында «Қазақстан мен оған іргелес аумақтардың карбонат бассейндері» тақырыбында өткен халықаралық геологиялық форумда «Теңізшевройл» (ТШО) геологтары Қазақстандағы мұнай кен орындарын игеруді оңтайландыруға және оларды ашу барысын тиімдірек жүргізуге бағытталған өздерінің соңғы үш зерттеуін ұсынды.
Аталған форум Әзербайжан,Израил, Өзбекстан,Франция сияқты ондаған елдің геологтары мен геофизиктерінің, мемлекеттік құрылымдар мен ғылыми-зерттеу институттары өкілдерінің басын қосты.
«Қазақстанның өнеркәсібі мен экономикасының дамуында бұрынғы және қазіргі геологтардың шешуші рөл атқарғандығы баршаға мәлім. Қазақстанда алғашқы мұнай көзі табылғаннан бергі уақытта мұнай өндірісі, инфрақұрылым мен технология үлкен өзгерістерді бастан өткерді, яғни Қазақстанның мұнай-газ саласы мен экономикасы дамудың таңқаларлық деңгейіне жетті», - деді форумның ашылу салтанатында сөз алған «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон.
Мұнай өндірісін ұлғайту мен кен орнын игеруді оңтайландыруда жер қабатын анықтау және сипаттаудың маңызы зор. Форум барысында ТШО-ның аға геофизигі Бағдад Төлеубай табиғи жарықшақты қабатты табатын және сипаттайтын жаңа жұмыс әдісін көрсетті.ТШО геологтарының «Теңіз және Королев кен орындарының жарықшақты қабатын сипаттауға арналған кешенді еңіс өлшеуіш және жынысөзекке негізделген әдіс» атты бірлескен баяндамасы кәсіби геологтардың үлкен қызығушылығын тудырды.
ТШО-ның тағы бір аға геологы Әсем Биболова «Теңіз кен орнында жердің толық толқынды рефракциясы мен шағылысуын, Q-томографияны және миграцияны ең аз шаршы әдісті пайдалану арқылы ақаулықтарды экрандауды азайту» атты зерттеуінде құрылымдық интерпретацияны жақсартудың тереңдетілген әдісін ұсынды.Ал, кәсіпорынның кен орындарын жайғастыру бөлімінің геология жөніндегі аға кеңесшісі Джеймс Бишоп «Теңіз кен орнының карбонатты беткейлерінің коллекторлық фацияларының шөгінді және диагенетикалық эволюциясын» сипаттап берді.
Теңіз және Королев кен орындары маңызды активтер болып табылады. Оларды игеру Қазақстан Республикасының халықаралық мұнай нарығында ірі өндірушіге айналуына және әлемдік аренада басты ойыншы болуына мүмкіндік берді. Мұнай алыбының ауқымдылығы,күрделілігі мен міндет-межелері, сондай-ақ оның келешектегі мүмкіндіктері шынымен де ғажап. Теңізшевройл өзінің 29 жылдық тарихында тек қана жаңа өндірістік нысандар мен технологияларға ғана емес, сонымен қатар жергілікті кәсіби мамандарды дамытуға да инвестиция салды. Қазір қазақстандық мамандар кең ауқымды өндірістік нысандарда ғажайып технологияларды пайдалану мүмкіндігіне ие болып, жоғары өндірістік межелерді бағындыруды жалғастыруда.