ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Атырау облысына жұмыс сапары аясында облысының әкімідігімен, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) және мердігерлік ұйымдардың өкілдерімен «Келешек кеңейту жобасының және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының» (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қызметкерлерін жұмыстан босату мәселесі бойынша кеңес өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Министрлік, Әкімдік және ТШО өзара іс-қимылының нақты алгоритмі көзделген қызметкерлерін жұмыстан жоспарлы түрде босату және оларды жұмыспен қамтуды мониторингілеу Жол картасына қол қойды.
Министр жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің назарын босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты күшейту қажеттігіне аударды.
«ККЖ-ҰЕҚБЖ енді басталған кезде, біз жаңа жұмыс орындары ашылып, 20 000-нан астам адам бірнеше жылға жұмысқа орналасады деп қуанған болатынбыз. Жоба біртіндеп аяқталуына жақын болғандықтан, бұл қызметкерлерге басқа жұмысқа ауысудың уақыты келді. Ал оларды жұмыспен қамту - қызметкерлердің өздерінің, олардың жұмыс берушілерінің әрі мемлекеттің де міндеті. Бұл процестің барлық қатысушылары қазіргі мәселелерді өз деңгейінде жедел және нақты пысықтауы өте маңызды. Жұмыстан босатылған көптеген қызметкерлер Атырау облысына басқа өңірлерден келген, сондықтан Теңізде жұмысқа орналаспағандарды әкімдіктер жергілікті жерлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартуы қажет», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Атырау облысының басшысы Серік Шәпкенов: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың табысын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген. Сол себепті ТШО мен оның мердігер компанияларынан жоспарлы түрде босатылған азаматарды жаңа жұмыспен қамту бағытында жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазіргі уақытта Атырау облысында жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен бірге өңірдің Кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынады. Сондықтан жұмыстан босатылған азаматтарды осы жаңа жобалар аясында жұмыспен қамтуды жалғастырамыз»,– хабардар етті.
«Теңізшевройл» кәсіпорны Атырау облысының әкімдігімен, ҚР-ның Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлескен жұмысты бағалайды. Біз түрлі жұмыстардың аяқталуына орай, ККЖ-ҰЕҚБЖ-ның жүзеге асу барысына бірлесе мониторинг жүргіземіз. Қазіргі уақытта жобаның 93%-ы орындалды. Жоба басталғалы бері ТШО жергілікті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырды, ол 25 000-нан астам болашақта елдегі және шетелдегі өнеркәсіп жобаларында тәжірибесі мен білімін қолдана алатын қазакстандық мамандар. Сондай-ақ, жоба халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды таратуға және өңірдегі жаңғыртылған инфрақұрылым түрінде мұра қалыптастыруға үлесін қосты», – деді ТШО бас директоры Кевин Лайон.
Тараптар қол қойған Жол картасында көзделген өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес, ТШО тоқсан сайын Министрлікке және өңірлердің әкімдіктеріне кәсіптер мен өңірлер бөлінісінде мердігерлік/қосалқы мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің жұмыстан босатылуы туралы ақпаратты ұсынады, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасына орналастырады.
Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту бойынша міндеттемелерді өзіне алады, оның ішінде: қысқа мерзімді оқуға жіберу, субсидияланатын жұмыс орындарына және Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын жобаларға жұмысқа орналастыру, гранттар мен микрокредиттер беру.