КМГ басшысы Теңіздегі Үшінші буын зауытын көріп шықты

02 тамыз 2022
Ecology

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон жұмыс сапары барысында Теңіз кен орнындағы «Келешек Кеңею Жобасы - Ұнғы ернеуіндегі кысымды басқару жобасының» (ККЖ ҰЕҚБЖ) нысандары: Үшінші буын зауыты (ҮБЗ) мен Біріктірілген өндірісті басқару орталығын (БӨБО) көріп келді.

 

«Теңіз – «ҚазМұнайГаз» үшін стратегиялық актив бола тұра, ол батыс өңірінің және жалпы елдің экономикасының дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Бүгінгі таңда негізгі міндеттердің бірі - ККЖ/ҰЕҚБЖ жобасын уақтылы жүзеге асыру. Алайда, 2022-2023 жж. жұмысшылардың жоспарланып отырған ауқымды демобилизациясы кезеңінде әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын атап өту қажет. Бұл мәселеде Теңізшевройл тиісті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарымен бірлескен үйлесімді жұмысқа үмітіміз зор», - деп атап өтті ҚМГ басшысы.

 

Айта кететін ақпарат, қазіргі уақытта ККЖ/ҰЕҚБЖ 93% аяқталды. Жобаны іске қосу ТШО-ның мұнай өндірісін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ККЖ/ҰЕҚБЖ іске асырыла бастағаннан бері отандық кәсіпорындардан жалпы сомасы 14,1 миллиард АҚШ долларын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алынды. Қалған жұмыстардың көпшілігі мемлекет ішінде іске асырылатын болады, бұл Қазақстан экономикасына оң серпін береді.

 

Мағзұм Мырзағалиев пен Кевин Лайон әлемдегі ең ірі басқару орны - барлық зауыттарға, энергия жүйелері мен пайдалану нысандарына орталықтандырылған бақылау жүзеге асырылатын біріктірілген өндірісті басқару орталығымен танысып шықты. БӨБО ғимаратында орналасқан операторлық орынның ауданы шамамен 2200 ш.м. құрайды. Орталық жаңа конструкцияның 23 басқару пультімен жабдықталған.