ҚР Энергетика министрі Теңіз кен алаңында болды

15 тамыз 2022
Ecology

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде Теңіз кен орнында болды. Министр Қазақстандағы ең ірі Келешеккеңейту жобасы – Ұңғыма ернеуінің қысымды басқару жобасының (ККЖ-ҰЕҚБЖ) жүзеге асырылу барысымен танысып, Теңізшевройл басшылығын жобаны жүзеге асыру кестесінен ауытқымауға шақырды.

Қазіргі уақытта ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы 93% - ға аяқталды. Қалған барлық жұмыстар Теңізде шоғырланған. Жаздың басында кен орны операторы – «Теңізшевройл» ЖШС-ның (ТШО) барлық зауыттарын біріктіретін, сенімділігін арттыратын және өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыратын Өндірісті бірегей басқару орталығы (ӨББО) іске қосылды. 2022 жылғы шілдеден бастап ККЖ-ҰЕҚБЖ-ның бір бөлігі болып жаңа өлшеу қондырғысы мұнай қабылдай бастады. Сондай-ақ екінші тоқсанда қысымды ұлғайту қондырғысына қуат беретін кіші электр станциясына кернеу берілді.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының сәтті іске қосылуы ТШО-ның Қазақстан бюджетіне қосар үлесін айтарлықтай арттыратынын атап өтті. Мәселен, Теңізшевройл 2022 жылдың алты айында ғана ел экономикасына бес жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш-7,5 миллиард АҚШ долларын бағыттады.

«Бүгінгі сын-қатерлерге қарамастан, жобаны жүзеге асыру кестесін ұстану маңызды. Бұдан басқа, қазақстандық өндірушілер мен отандық қызметкерлердің әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, қазақстандық қамтуды дамытуға ерекше назар аударуды жалғастыру қажет», - деді Болат Ақшолақов Теңізшевройл басшылығымен кездесу кезінде.

 

ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ-ны бастағаннан бері 14,2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржыға қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алды, сондай-ақ жоба шеңберінде 25 мыңнан астам адам арнайы оқудан өтті. Бұған дейін, ТШО жобаның 408 модулін Теңізге жеткізу үшін теңіз тасымалының үш жылдық бағдарламасын іске қосқан болатын. Бұның өзі қазақстандық компаниялардың модульдер дайындау және логистика саласындағы құзыретін көрсеткен орасан зор жетістік болды.Теңіз кен орны шекарасынан шамамен 40 км жерде орналасқан Прорва түбегінде салынған модульді жүктерді қабылдау және одан әрі тасымалдау үшін салынған жүктерді тасымалдаудың жаңа маршруты ККЖ-ҰЕҚБЖ-ның елеулі мұрасы болып табылады. Бұның өзі ұзындығы 76 км болатын теңіз кірме арнасынан, жүктерді түсіруге және сақтауға арналған құрылыстардан және кірме жолдан тұрады. Сондай–ақ Каспий теңізі арқылы тасымалдауды дамытуды қолдау мақсатында халықаралық деңгейдегі кәсіби теңізшілерді даярлайтын Қазақстандағы жалғыз оқу орны – ҚБТУ жанынанҚазақстандық теңіз академиясы (ҚТА) іске қосылды.

Сондай-ақ, министр ККЖ-ҰЕҚБЖ-ға тартылған ТШО-ның мердігер компанияларының мыңдаған жұмысшыларын алдағы уақытта босату шеңберінде мониторинг жүргізу және өзара тығыз іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті. Бұған дейін хабарланғандай, ТШО Атырау облысы әкімдігімен, Энергетика министрлігімен және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, атқарған жұмыстардың аяқталуына қарай қызметкерлерді босату процесіне мониторинг жүргізуде.