«Теңізшевройл» Каспий итбалығын құтқаруға көмектеседі

02 қыркүйек 2022
Ecology

2022 жылдың 1 қыркүйегінде Маңғыстау/Маңғышлақ шығанағының жағалауы мен суларында қараусыз қалған балық аулайтын аулар мен теңіз қалдықтарын жинауды көздейтін «Каспий итбалығы популяциясын сақтау» жобасы аясында жаңа экспедиция басталды. Жобаны «Теңізшевройл» компаниясының қаржылық қолдауымен «Гидробиология және экология институты» жүзеге асырады. Жоба Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдасы сияқты жойылып бара жатқан теңіз тіршілік иелерін қорғауға және өсіруге бағытталған.

2022 жылғы 27 тамызда теңіз қалдықтарын жинау және оның Каспий теңізінің биоалуантүрлілігіне әсеріне қатысты зерттеулер жүргізу мәселесі бойынша Маңғыстау облысының «Қоғамдық коммуникациялар орталығында» брифинг және облыстық балық шаруашылығы басқармасында кеңес өтті. 2019-2021 жылдар аралығында жүргізілген ғылыми-практикалық жұмыстардың нәтижесінде аралдардың жағалауы мен Түпқараған түбегі қараусыз қалған балық аулайтын аулармен, пластик қалдықтарымен, соның ішінде микропластиктермен қатты ластанғаны анықталды.

2022 жылғы жұмыстың мақсаты Итбалықтар аралдарын - Каспий итбалығының мекендеу ортасын қайта қалпына келтіру және оның санын тұрақтандыру үшін маңызды шара болып табылатын Түпқараған түбегінің солтүстік жағалауы мен Маңғыстау/Маңғышлақ шығанағының іргелес суларынан алынған қараусыз қалған аулар мен қоқыстарды зерттеу және олардан тазарту.

«Теңізшевройл» ЖШС-ның қаржылық қолдауымен «Каспий итбалығы популяциясын сақтау» бағдарламасы аясында 2022 жылдың 1-20 қыркүйегі аралығында балық аулайтын аулар мен теңіз қоқыстарын жинау жұмыстары жүргізілетін болады. Жобаны «Гидробиология және экология институты» жүзеге асырады . Сондай-ақ, бұл жұмысқа «ЭкоМаңғыстау» ҮЕҰ мен «ЭкоВестАқтау» ЖШС де тартылады.

2019 жылдың күзінде Түпқараған түбегінің батыс жағалауынан табылған итбалықтардың мәйіттері мен қалдықтарын зерттеу көбінің қырылуына балық аулайтын аулардың себеп болғанын көрсетті.

 

2020 жылғы зерттеулер қарастырылған төрт аралдың- Подгорный, Морской, Рыбачий, Құлалының ішінде Итбалықтар аралдарының ең ластанған аймағы - Құлалы екенін растады, Аулардың ең көп бөлігі (61,8%) осы аралда шегеленіп қалған. Демек, Құлалы аралы бекіре тұқымдас балық аулауға арналған қараусыз ауларды «қабылдау» бекеті қызметін атқарады. Тек 2021 жылдың өзінде осы аралдан 5377 кг теңіз қоқысы жиналды, оның 80%-ға жуығы қараусыз қалған балық аулайтын аулар болса, басым көпшілігі бекіре тұқымдас балықтарды аулауға арналған ірі торлы аулар.

«Теңізшевройл» компаниясы жобаны алғаш қолдаған кезден, яғни 2014 жылдан бері Каспий теңізінен 878 қараусыз қалған ау (20 500 кг) және 9 000 кг-нан астам теңіз қалдықтары шығарылса, 53 бекіре мен 15 итбалық қараусыз аулардан құтқарылды. Маңғыстау шығанағының экожүйесіндегі микропластиктердің таралуын және онда мекендейтін балық түрлерін – Каспий итбалығы үшін әлеуетті азық-түлік түрлерін зерттеу бойынша ғылыми зерттеулер биыл да жалғасатын болады.

 

Батыс Қазақстан экожүйесінің алуантүрлілігі экологиялық, рекреациялық, мәдени және эстетикалық құндылықты қамтамасыз етеді және «Теңізшевройлдың» тұрақты дамуында маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, компания Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығына (ҚБАС) Халықаралық құстарды қорғау одағының (ҚҚХО) құрып кету қаупі төніп тұрғандар тізіміне енген дала тарғағының ұяларын қорғау бағдарламасын жүзеге асыруға да қаржылық қолдау көрсетеді.

Бұған қоса, ТШО бекіре балықтардың өсімін арттыру үшін, Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытын аналық балықтар мен шабақтарға арналған жоғары сапалы жеммен қамтамасыз ету, сондай-ақ өсіретін тоғандарды оттегімен және сумен қанықтыру үшін аэраторлар мен ферманың тоғандарында сыртқы тереңдету жұмыстарына арналған экскаватор сатып алу арқылы қолдау көрсетуде.