Теңізшевройл (ТШО) жылдың үздік әлеуметтік жобасы үшін «Парыз» байқауының арнайы сыйлығына ие болды. 7 желтоқсанда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен марапатты табыс ету салтанаты өтті.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерұлан Жамаубаев ТШО өкілі, бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесіновке «Парыз» сыйлығын табыстады.
Арнайы сыйлық Атырау облысында екі ерікті бағдарламаны: «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылымдық және ТШО әлеуметтік инвестициялар (ӘИБ) бағдарламаларын жүзеге асырғаны үшін берілді.
Сыйлықты табыстау рәсімінде ұйымдастырушылар компанияның Атырау облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының жұмысы 2010 жылы басталған болатын. Бағдарлама аясында 11 жылда 94 жоба жүзеге асырылды. Ал 2022 жылы компания ӘИБ жүзеге асыру үшін 2,3 миллион доллар бөлді. Осы қаражат көмегімен үкіметтік емес ұйымдар Атырау облысында, оның ішінде Жылыой ауданында 14 жобаны жүзеге асырды. Олардың ішінде Гүлназ Қосмурзиеваның «Біз де адамбыз» ҚҚ жобасы, Ерлан Күмісқалиевтің «Атырау. Шағын ел» ҚҚ жобасы, қазақстандық өнертапқыш Ғалымжан Ғабдірешовтың жетекшілігіндегі «Сезуал» МҚБ жобасы, сондай-ақ Орталық Азияның Еуразиялық қорының «Қоғамдық кеңістіктер» және басқа да көптеген жобалар.
Жыл сайын 25 млн доллар бөлінетін «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы сонау 1999 жылы енгізілген болатын және оның негізгі мақсаты Атырау облысында мектептер, балабақшалар, ауруханалар және т.б. сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар салу болып табылады. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру кезінде 100-ден астам нысан салынып, нәтижесінде үш мыңнан астам қосымша жұмыс орындары ашылды. Биылдың өзінде Жылыой ауданы, Құлсары қаласында сыйымдылығы 3000 адамдық орталық стадион пайдалануға берілді.
«Компанияның басым бағыттарының бірі – тұрып жатқан және қызмет ететін өңірдің әл-ауқатын арттыру. Бұл бағытта Жылыой өңірінің алатын орны ерекше. Өйткені ауданда 10 мыңнан астам қызметкеріміз бен олардың отбасылары тұрады. Сондай-ақ Жылыойда 40-қа жуық мердігер ұйым тіркелген», - деді «Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов. «ҮЕҰ серіктестеріміз жүзеге асырып жатқан 14 жобаның 10-ы Жылыой ауданында іске асырылуда. Серіктестеріміздің жетістігін ерекше атап өткім келеді – Құлсарыда иппотерапия сеанстарынан өткен ерекше бала өз бетімен жүре бастады, ауылдарда тұрғындар «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында 30-дaн астам қоғамдық демалыс орындарын өз күшімен салды және бұл бір ғана мысал емес».
Айта кететін жайт, ТШО осыған дейін 2011 жылы «Парыз» сыйлығының Гран-при жүлдесіне ие болған. Одан бөлек 2009 жылы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясының алтын жүлдегері, 2008 жылы «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясының күміс жүлдегері атанды.