Теңізшевройл Қазақстанның ең үздік салық төлеушісі атанды

15 желтоқсан 2022
Ecology

Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекеттік кірістер комитеті үздік компанияларды 18 аталым және сала бойынша марапаттады. Теңізшевройл (ТШО) “Жер қойнауын пайдаланушы” аталымында үздік деп танылды.

 

Ұйымдастырушылар адал салық төлеушілердің жетістіктері туралы айтып ғана қоймай, ТШО-ның Қазақстанның экономикалық дамуына әсері мен бизнесті сауатты, ашық және адал жүргізетінін үлгі етті. Дәстүрлі мүсінше және диплом ТШО-ның қаржы жөніндегі бас менеджері Зәмзәгүл Бековаға табысталды.

«Біз еліміздің экономикалық өсуі мен болашағына өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымын. Өз қызметімізді жоғары жауапкершілікті сезініп жүргіземіз және дұрыс жолмен нәтижелерге қол жеткізіп, көрсеткіштерімізді жетілдіруде үздік болуға тырысамыз», - деп атап өтті Зәмзәгүл Бекова.

1993 жылдан бастап 2022 жылдың үшінші тоқсаны аралығындағы ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржылай салымы 172 миллиардтан астам АҚШ долларын құрады. 2022 жылдың тоғыз айында ТШО-ның Қазақстанға төлеген тікелей қаржы көлемі 10,9 миллиард АҚШ долларын құрады.