«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) техникалық күтім, жөндеу мен пайдалану саласында қызмет көрсететін және қорғауыш материалдар жеткізумен айналысатын 50-ден астам қазақстандық компаниялар үшін дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында жеткізушілерге тендерлік процесс, мердігер ұйымдарға қойылатын талаптар және алдағы бірнеше жыл ішінде компанияға қандай жұмыстар мен қызметтер қажет болатындығы туралы айтылды.
Қазақстанның әр өңірінен келген 50-ден астам компания Теңізшевройлдың алдағы тендеріне және қызмет көрсетуге өз ықыластарын білдірді. Осы дөңгелек үстелдегі кездесу қазақстандық компанияларды әлемдік мұнай кәсіпшілігі қызметтері нарығының талаптарына сәйкестендіруге бағытталған кезекті форум болып табылады.
Кездесу барысында ТШО өкілдері алдағы тендерлер жөнінде ақпарат беріп, ТШО-ның материалдар сатып алу стратегиясы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар мердігер ұйымдарға қойылатын талаптарды түсіндіріп, тендерлік құжаттарды тапсыру туралы бірқатар кеңестер айтты.
- ТШО-ның қазақстандық қамтуды дамыту стратегиясының негізгі аспектісі қазіргі және ықтимал жеткізушілердің мұнай-газ саласында бизнес жүргізуге қажет халықаралық сапа мен қауіпсіздік стандарттарын түсінуіне көмектесу мақсатында жұмыс істеу болып табылады. ТШО-ның өзінің тексерілген және нәтижелі жеткізушілерді дамыту бағдарламасы бар. Осы бағдарлама ТШО-ның қамту базасына жаңа жеткізушілерді сәтті ендіруге себепші болды - дейді ТШО өндірісті жабдықтау бөлімінің менеджері Лейла Губашева.
ТШО жұмыстар, тауарлар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыруға және дамытуға үлкен көңіл бөледі. Сонымен қатар өз жобаларына жергілікті жеткізушілерді тарту арқылы жергілікті өндірушілердің мүмкіндіктерін үнемі дамытып, өндірісті ел ішінде шоғырландырады. ТШО өзінің болашақ жеткізушілерінен де жұмысқа деген осындай көзқарасты күтеді.
- Біздің жеткізушілеріміз қазақстандық қамтуды арттыру және қазақстандық компаниялардың қолда бар қуаттары мен мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін тоқтаусыз жұмыс істеуі керек. Бұған қазақстандық өндірушілермен бірлескен кәсіпорындар құру, тауарлар мен қызмет көрсетуде жергілікті жеткізушілерге артықшылық беру, сондай-ақ технологияларды қолдану және өндірісті Қазақстанда шоғырландыру арқылы қол жеткізуге болады, - деп өз сөзінде атап өтті «Теңізшевройл» ЖШС-нің Қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің директоры Даниэль Жолдыбаев.
2022 жылы ТШО соңғы 6 жыл ішінде қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алудың ең жоғары үлесіне қол жеткізгенін айрықша атап өткен жөн. Бұл төлемдердің көпшілігі Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының үлесіне келеді. 1993 жылдан бері ТШО Қазақстан Республикасына 176 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей қаржылық төлемдер жасады, оның ішінде 43,6 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат жергілікті тауарлар мен қызметтерді төлеуге жұмсалды.