Теңізшевройлдың қазақстандық компаниялармен жұмыс істеу тәсілі

19 шілде 2023
Ecology

Бұл сұхбаттың кейіпкері – «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүесінов. Оның балалық шағы қазақ мұнайының тарихи отаны болып саналатын Мақат ауданы, Доссор кентінде өтті.

 

—Көңілқош Аманжолұлы, Сіз Доссор кентінде туып өстіңіз, өміріңізді мұнай-газ саласымен байланыстыруыңызға туған жеріңіз себеп болды ма?

—Бала кезімізде біз үшін мұнай ұңғымалары ерекше нәрсе болмады, оларды дала көрінісіне тән нәрсе ретінде қабылдайтын болдық. Әкелеріміздің киіміне мұнайдың иісі сіңіп қалатын еді. Мен мұнайшылар әулетінен шыққанмын. Менің арғы атам Мұқан Сүйесінов – Ембідегі кен орындарын ашушылардың бірі, бұрғылаушы. Атам Дүйсен Сүйесінов соғысқа қатысқан батыр, өмір бойы партияда, шаруашылық органдарында қызметтер атқарған, Ембі мұнай өнеркәсібінің дамуына көп еңбек сіңірген. Соңғы жылдары Доссор мұнай кәсіпшілігі директорының орынбасары болды. Ал қазір мен, оның немересі, алып Теңіз кенішінен мұнай өндіретін ТШО компаниясының бас директорының орынбасарымын. Өзімді төртінші буын мұнайшысымын деуіме болады.

Бірақ бала кезімде өмірімді мұнай-газ саласымен байланыстыруды ойламадым. Театрда әртіс болуды армандап, доссорлық жігіттердің тек ұңғыма бұрғылау мен мұнай өндіруден де басқа жұмыстар жасай алатынын барлығына дәлелдегім келді.

Ата-анам менің білім алуыма қаржы салды, шынымды айтсам, олардың сенімін ақтауға тырыстым. Мектептен кейін АҚШ-тың Бостон университетіне оқуға түстім. Халықаралық тәжірибе алу мүмкіндігіне бірден жармастым: Францияда, Италияда және Нидерландыда жұмыс істедім. Туған жеріме оралған кезде өмірімнің мұнай-газ саласымен тығыз байланысты екенін анық түсіндім: Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) құрылысы мен кеңейтілуіне, Теңіз кен орнында Екінші Буын Зауытының құрылысына қатыстым, сонымен қатар мердігерлік ұйымдарда басшы болып жұмыс істедім. 2022 жылы «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары болып тағайындалдым. ТШО-да мен бірнеше бөлімдерді, соның ішінде жергілікті қамтуды дамыту бөлімін басқарамын. Бұл бөлім ТШО-ға өз тауарлары мен қызметтерін ұсына алатын қазақстандық компанияларды іздеумен және дамытумен айналысады. Сондай-ақ олардың жалпы құзыреті мен әлеуетін арттыру – бұл «Теңізшевройлдың» жергілікті компаниялардың дамуына қосқан үлесі болып есептеледі.

 

—Қазақстандық бизнес өкілдері, тіпті жергілікті тұрғындар арасында ТШО-да тек «ағасы бар» таңдаулы компаниялар жұмыс істейді деген пікір қалыптасқан. Бұл рас па, әлде шағын және орта бизнестің тауар мен қызмет жеткізушілерінің біріне айналуға мүмкіндігі бар ма?

—- Барлық компаниялардың бізге тауарлар мен қызметтерді жеткізуші болуға мүмкіндігі бар екенін түсіндіруге рұқсат етіңіз. Ең бастысы, қойылған барлық критерийлерге сай болу. Дәл осы сәт компаниялар үшін басты кедергі болуы мүмкін. Мен ТШО-ның жеткізушілерден үлкен үміт күтетінін бірнеше рет естідім, бірақ біз бұл көрсеткішті төмендете алмаймыз, оның себебін түсіндіріп өтейін.

Қабат қысымының қалыптан тыс жоғары болуына байланысты Теңіз күрделі және қауіпті кен орны болып табылады. Сонымен қатар, ызғарлы климаттық жағдайлар бар. Біз өндіретін мұнайдың құрамында 14% күкіртсутектен тұратын шикі газ бар. Т-37 ұңғымасындағы қайғылы жағдай бәріміздің есімізде (1985 жылы ол жерде алапат өрт болды, оны 400 күннен кейін ғана сөндіре алды – В ескерту) және бұл оқиғаның қайталануын ешкім қаламайды.

Сондықтан компания жеткізушілеріне жоғары талаптар қояды, өйткені кен орнындағы мыңдаған жұмысшылардың өмірі олар ұсынатын материалдар мен қызметтерге байланысты. Ал қауіпсіз әрі кедергісіз жұмыс істеу – біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Мысалы, құбыр желісін өткізуге арналған қарапайым құбырды алайық. Материалдар мен қосылу тігістері халықаралық стандарттарға сәйкес болуы керек және энергияны соңғы нүктеге қауіпсіз жеткізу үшін жоғары қысымға, температураның өзгеруіне және т.б. қатысты барлық технологиялық талаптарға сай келуі керек. Сондықтан біз нарықта өзін танытқан атқарушы компаниялармен, өз саласының кәсіби мамандарымен ғана ынтымақтасуға тырысамыз. Біз бұл құбырларды қазақстандық жеткізушілерден сатып алатынымызды мақтанышпен айта аламын.

Дегенмен, бұл біз басқа компанияларға өсу мүмкіндігін бермейміз дегенді білдірмейді. Мен тікелей жетекшілік ететін бөлім болашақта тек ТШО-мен ғана емес, басқа да халықаралық компаниялармен ынтымақтаса алатындай жаңа қазақстандық кәсіпорындарды іздестірумен және оларды оқытумен айналысады. Осылайша, бізде қазақстандық жеткізушілердің құзыреттілігін арттыруға арналған бағдарламалардың екі түрі бар: бұл біздің ішкі тренингтеріміз, сессияларымыз және кездесулеріміз, сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) бірлесіп өткізілетін сыртқы бағдарлама.

Бірақ 90-жылдардың басында, ТШО қызметінің ең басында бізге дәретхана қағазы, қағаз қыстырғыштары, тіпті ыдыс жуатын сұйықтықтар шотландиялық жеткізуші арқылы жеткізілді. Біздің облыста іс жүзінде жеке өндірістер болған жоқ, бірақ қызметке сұраныс жоғары болды. Ал, «Теңізшевройл» компаниясы бірінші кезекте Атырау облысында шағын және орта бизнестің дамуына үлкен серпін беріп, отандық тауар өндірушілердің және әртүрлі қызметтерді жеткізушілердің дамуына орасан зор үлес қосып, өндірістің жаңа мүмкіндіктерін ашты деп сеніммен айта аламын. ТШО-да 30 жыл ішінде тауарлар мен қызметтердің жергілікті жеткізушілерінің саны қарқынды өсуде, олардың біліктілігі айтарлықтай өсті және олар қазірдің өзінде бір-бірімен ғана емес, шетелдік мердігерлермен де бәсекеге түсуде. Бүгінгі күні біз өз миссиямызды жауапкершілікпен орындап, жергілікті жеткізушілерге көмектесіп, қолдап келеміз деп сеніммен айта аламыз.

Бірақ біз осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін көп жылдар тыңбай етіп келеміз. 90-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында «Теңізшевройл» Атырау облысында шағын және орта бизнесті дамыту үшін қаржыландыру бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырды. Ол кезде көптеген кәсіпкерлерге жақсы көмек болды. Мысал ретінде сол кездегі Құлсарыдағы шағын полиграфияны келтіре аламын. Табандылығының арқасында қазір «Ақберен» өңірге өнімімен танылған ірі полиграфияға айналды. Біздің есебімізге сәйкес компания 30 жылдық қызметі ішінде жергілікті қамтуды дамытуға 44,6 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бөлді.

—Бірақ шағын және орта бизнес өзін ТШО-ға қалай көрсете алады? Мұндай алпауыттың көзіне түсу өте қиын шығар. Сәйкесінше, белгілі бір компаниялардың мүддесіне ықпал ету жағдайлары бар ма?

—Әрине, мұндай фактілерді естіп жүрмін. Бұл ұят нәрсе, бірақ бұл адамның табиғаты және біздің менталитетіміздің бір бөлігі. Неліктен біз әрқашан таныстар іздейміз, «табысты болу» үшін бір-бірімізбен байланыс орнатқымыз келеді? Доссыз өмір сүре алмайтындай әрекет етеміз. ТШО мұны түбегейлі тоқтатуға тырысуда және сенім телефонына хабарлаудың тәртібін әзірледі. Егер компания ТШО-мен жұмыс істеп, әлеуетті жеткізуші болғысы келсе, бірінші сынама тапсырысын алып, өзін көрсетуі керек. Жергілікті қамту бойынша форумдар, дөңгелек үстелдер, семинарлар жиі өткізіп тұрамыз. Жақында техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану және қорғаныс материалдарын жеткізу саласында қызмет көрсететін 50-ден астам қазақстандық компаниялар үшін дөңгелек үстел өтті. «Atyrau Oil and Gas» көрмесіне және Халықаралық мұнай-газ машина жасауды дамыту орталығының форумына қатыстық. Болашақ жеткізушілер осындай форумдарға қатысып, бізден ақпарат алып, белсенді болып, қызығушылық танытуы керек.

Мердігер компанияның директоры болып жұмыс істегенімде бірде-бір форумды жіберіп алмауға тырыстым. Бизнесте нетворкинг маңызды, біздің әлеуетті жеткізушілеріміз кеңседе отырып, құжаттарға қол қойып, ТШО жеткізушісі болуды армандамай осындай форумдарға, жиындарға белсенді қатысуы керек. Мейрамханаға барған кезде тұтынушылардың пікірлеріне мән бересіз ғой. Ұсынатын тағамдары дәмді ме, әкімгері қандай, жанды музыка бар ма деген сұрақтар болады емес пе?. Сондықтан жеткізуші өзінің бәсекеге қабілеттілігін, деңгейін дәлелдеп, көрсетуі керек. Ол үш тірекке негізделуі керек: сенім, сапа және қауіпсіздік.

—Қазақстандық компанияларда жұмыс істеудегі мол тәжірибеңізді ескере отырып, ТШО-ның жергілікті қамтуды дамытудағы жұмысы туралы не айта аласыз? Ерекшеліктері бар ма және басқа компаниялар қандай тәжірибе ала алады?

—Егер компаниялардың тендерлік процесі туралы айтатын болсақ, кейбір тармақтарды қоспағанда, барлығы бір-біріне ұқсас. Осылайша, НКОК пен КПО-ның ірі келісімшарттарын Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің уәкілетті органы бекітуі керек. Ал ТШО-да басқа, бірақ дес бермейтін ашық тендер жүйесі бар. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін ТШО өз веб-сайтында жыл сайынғы келісім-шарттар мен сатып алулар жоспарын жариялап, нарықты ынтымақтастықтың барлық ықтимал мүмкіндіктері туралы хабардар етеді. Сондай-ақ компания әлеуетті бизнес-серіктестерді анықтау үшін жеткізушілердің мүдделерін білдіру (SEOI) деп аталатын порталды пайдалана отырып, ашық келісім-шарт жасау процесін енгізді. ТШО-ның барлық тендерлері үшінші тұлғалардың немесе бөгде жүйелердің қатысуынсыз тек ішкі электронды жүйе арқылы өткізілетінін түсіну маңызды.

Сонымен қатар, ТШО адам ресурстары мен қауіпсіз еңбекке басымдық береді. Егер компанияда қазақстандық қызметкерлердің саны көп болса және олар өздерін білікті маман ретінде көрсете білсе, біз осы ресурстарды мүмкіндігінше сақтауға тырысамыз.

—ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті қамтуды дамытудағы ККЖ-ҰЕҚБЖ (Теңіз кен орнындағы келешек кеңейту жобасы – В ескерту) маңыздылығын атап өтті. Жаһандық жобаға қандай баға берер едіңіз?

—Қазір ККЖ-ҰЕҚБЖ аяқталуға жақын, біз барлық жүйелерді қосуды бастадық. Мен қазақстандық компаниялардың осы жобадағы жұмысының нәтижесіне ризамын. Әрине, мұндай ауқымды жоба алғаш рет жасалғандықтан, жергілікті қамтуды дамытуға қатысты кейбір мәселелер назардан тыс қалуы мүмкін. Дегенмен, бұл үлкен келісім-шарттарды жасау кезінде бізге алдағы уақытта сабақ болады. Дегенмен, 2022 жылы ТШО соңғы 6 жылдағы 70% көлеміндегі ең жоғары жергілікті қамтуға қол жеткізгенін атап өткім келеді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

ККЖ-ҰЕҚБЖ үшін инжинирингтік, сатып алу және өндірістік қызметтерді көрсету үшін 2 276 қазақстандық компания алдын ала іріктеуден өтті, олардың 1 588-і алдын ала біліктіліктен сәтті өтті. Нәтижесінде қазақстандық компаниялармен 630-дан астам келісімшарт жасалды. Жобаның бір мақсаты – барынша көп қазақстандық азаматтарды жұмыспен қамту.

Иә, қазір қазақстандық жеткізушілердің тауарлары, қызметтері мен жұмыстарының сапасы басқа шетелдік компаниялардан кем түспейді. Ал біз үшін жергілікті жеткізушілермен жұмыс істеу өте тиімді. Мысалы, өндірісті қауіпсіз жалғастыру үшін бізге тез арада жоғары технологиялық аппарат қажет болады. Енді мұндай аппараттарға тапсырыс беріп, шетелдік жеткізушілерден бірнеше ай күтпей, қысқа мерзімде Теңізге жеткізе аламыз. Атырау облысында біз үшін импортты алмастыратын ірі компаниялар бар. Сондықтан біздің жергілікті серіктестер сапалы тауарлар мен қызметтерді жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар кедергісіз және қауіпсіз жұмыс істеуге септігін тигізеді.

—Президент Батыста көптеген жастар тек мұнай саласында жұмыс істегісі келетінін айтты. ТШО-да жұмыс істегісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

—Егер мен қазір ТШО-да жұмыс істемесем, мені теледидардан көрер едіңіз. Немесе Қанат Бейсекеев түсірген Теңіз туралы фильмде. Мен қалжыңдаймын, әрине. Қызым университетте IT-инженер мамандығы бойынша оқиды. Ақпараттық технологияның біздің өмірімізге тығыз енгені сонша, болашақ осы бағытпен байланысты. Сондықтан ол IT саласын таңдады. Менің ұлдарым мектепте оқиды, сондықтан олар әлі ештеңеге ерекше қызығушылық танытпайды. Болашақта олар мұнай саласында жұмыс істегісі келсе, мен қарсы емеспін, өйткені бұл олардың таңдауы. Оның үстіне біздің әулет – мұнайшылар әулеті. Бірақ адамдар әлемде мұнай-газ саласына қатысты кәсіптерден басқа мыңдаған мамандықтардың бар екенін түсінуі керек. Сондықтан таңдау саналы болуы керек. Кәсіби маман ретінде орын алу, өзіңізді табу маңызды. Жасыратыны жоқ, мұнай саласы жоғары жалақымен, әлеуметтік қолдаумен көпшілікті қызықтырады. Дегенмен, тек жақсы жалақы ғана маңызды емес, ең алдымен еңбегің өзіңді қуанышқа бөлеп, елге пайдасын тигізуі керек. Сол кезде сіз өз салаңыздың кәсіби маманы бола аласыз. Мен өзіміздің мұнайшылар әулетінің жұмысын жалғастырамын деп бір кездері ойламаппын да, бірақ өмір бәрін өз орнына қойды. Өз таңдауыма еш күмәнім жоқ және мен қазіргі қызметімде қазақстандық компаниялардың әлеуетін дамытуға барынша көп пайда әкелетініме шын жүректен үміттенемін.