Құрылысшылар күні қарсаңында Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында салтанатты іс-шара өтіп, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қатысты. «Киелі өлкеміздің келбетін асырып, сәулетіне сән қосып, өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беріп келесіздер. Атыраудың ардақты құрылысшылары мен қымбатты сала ардагерлерін тағы да құттықтай отырып, туған жерді көркейтіп-көріктендірудегі игі істеріңіз әрдайым жемісті, нәтижелі болсын деп тілеймін», – деді Қ.Нұртаев. Ресми шарада бірқатар кәсіпорындар мен сала ардагерлері марапатталды. ТШО Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің алғыс хатымен марапатталды.
ТШО Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов «Теңізшевройл» ЖШС әлеуметтік жауапкершілігі мол компания ретінде Қазақстан Республикасы, серіктестердің және қызметкерлер мен олардың отбасылары тұратын, өз қызметін жүзеге асыратын аймақ тұрғындарының игілігі үшін әрқашан қауіпсіз жұмыс істеуге ұмтылатынын атап өтті.
– Біз тұрып жатқан және жұмыс істейтін өңірдің әл-ауқатын жақсарту – «Теңізшевройл» ЖШС-нің басты басымдықтарының бірі. ТШО-ның әлеуметтік бағдарламаларының нәтижесінде Атырау облысы жаңа кейіпке еніп, өмір сүруге одан сайын жайлы болып келеді, - деді Дәрмен Аронов.
Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдан бастап компания жыл сайынғы бюджеті 25 млн АҚШ долларын құрайтын "Игілік" ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасын іске асыруда. Осы бағдарлама аясында Атырау облысындағы мектептер, ауруханалар, демалыс аймақтары, балабақшалар және басқа да жалпы пайдалану объектілері сияқты әлеуметтік нысандарды салу және жақсарту үшін 120-дан астам әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына инвестиция салынды. Өткен жылы осы бағдарлама аясында Жылыой ауданының Құлсары қаласында 3000 орындық орталық стадион ашылды.