Құлсары қаласы күніне орай «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» ЖШС салған 3000 орындық жаңа орталық стадион ашылды. Бұл 1999 жылдан бері Жылыой ауданында компания салған бассейні бар ең ірі спорт нысаны.
Орталық стадионның салтанатты ашылу рәсіміне Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов қатысып, құлсарылықтарды құттықтады. «Баршаңызды Құлсары қаласының 21-жылдық мерейтойымен құттықтаймын. 20 жылдан астам уақыт ішінде қаламыз түрленіп, көркейіп келе жатқанына бәріміз куә болып келеміз. Жыл өткен сайын қаламызда, тұрғындардың сұранысына сай, жаңа нысандар бой көтере бастады. Замануи талаптарға сәйкес салынып, халықтың игілігіне табысталып отырған бүгінгі орталық стадион осының анық бір дәлелі болып отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ауданымыздың әлеуметтік жағдайының дамуына әрдайым үлес қосып жүрген Теңізшевройл ЖШС-не Жылыой тұрғындары атынан алғысымды білдіремін».
Стадионның құрылысы 2020 жылы басталды. Бұл 4,7 мың шаршы метрді құрайтын толық жабдықталған спорт кешені. Сыйымдылығы 3000 адамға дейін болатын бас стадионға қосымша қысқы уақытта матчтар мен ойындар өткізуге арналған жабық стадионы, жабық бассейні, спорт және тренажер залдары бар ғимарат шектесіп тұр. Компания футбол, футзал, баскетбол, волейболмен айналысуға арналған снарядтарды, сондай-ақ жаттығу снарядтарын сатып алуды да жоспарлап қойды. Осылайша, жаңа спорт кешеніне жалпы саны 3 250 адам сыятын болады және жыл бойы бір мезгілде бірнеше спорт түрлері бойынша сабақтар өткізуге мүмкіндігі болады.
"ТШО-ның әлеуметтік бастамалары Атырау облысының әрбір тұрғыны мен қоғамдастығының шексіз әлеуетін ынталандыруға және ашуға бағытталған. ТШО денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік кәсіпкерлік жүйелеріне қолжетімділік пен оларды жетілдіруді қамтамасыз ете отырып, адамдар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ұмтылады", - деді «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон.
Жылыой аудандық әкімдігі өкілдерінің айтуынша, ауданда балалар және жасөспірімдерге арналған 5 спорт мектебі және оның 1 филиалы бар, оларға 2490 бала қатысады.
Стадионның ашылуына орай Жылыой ауданының құрама командасы Теңізшевройл қызметкерлерінің командасымен алғашқы матч өткізді. Жылыой ауданының чемпиондарына кубокты табыстағаннан кейін стадионда Жылыой ауданының мәдениет қайраткерлері мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Әділет Жауғашар, Қуандық Рахым және Қаракесектің қатысуымен концерт өтті. Концерт ТШО-ның Құлсары қаласы тұрғындарына берген тағы бір сыйы болды. Жаппай мерекелік шара жарқын отшашумен аяқталды.
«Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында ТШО жыл сайын Атырау облысы бойынша мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау инфрақұрылымы, қоғамдық кеңістіктер және басқа да әлеуметтік нысандар құрылысына 25 миллион АҚШ долларын бөлетінін атап өткен жөн. Бұдан басқа, әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 2022 жылы экономикалық дамуды ынталандыру, білім беру және денсаулық сақтау саласында қолжетімділік пен сапаны қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімге мүмкіндіктер ашатын әлеуметтік жобаларды іске асыруға 2,3 миллион доллар бөлінді.