Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күні атап өтілді. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бірқатар қызметкерлер мен компанияларды, оның ішінде Теңізшевройлды (ТШО) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.
- Баршаңызды осы кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн осы салада қарттар мен мүгедектерге, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға қызмет көрсетіп, қажырлы еңбек атқаратын адамдарға үлкен құрмет пен шынайы ризашылықтың белгісі болып табылады. Біздің мемлекетіміздің маңызды функцияларының бірі - әлеуметтік саясатты жүзеге асыру. Сіздердің атқарып келе жатқан жұмыстарыңыз үлкен жауапкершілік, сондай-ақ мейірімділік пен төзімділікті қажет етеді. Әлеуметтік қорғау саласы күн сайын дамып, күрделене түсуде. Біз сіздерге осы бағыттағы атқарған еңбектеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің еңбектеріңізді халық жоғары бағалайды деген үмітттеміз, - деп атап өтті Ж.Бисембиев.
Теңізшевройлдың бас директоры Кевин Лайон салтанатты іс-шараға қатысты.
“Теңізшевройл әлеуметтік жауапкершілігі мол компания ретінде әрқашан ТШО қызметкерлері мен олардың отбасылары тұратын әрі жұмыс істейтін Атырау облысының әлеуметтік дамуына назар аударуға тырысады. Білім беруді, медицинаны дамыту, мәдени-тарихи мұраны сақтау және азаматтық сана-сезімді дамыту бойынша түрлі жобаларды қолдайтын әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын іске асырудан басқа, ТШО әлеуметтік саланың ұйымдарына демеушілік көмек көрсетеді. Біздің қосқан үлесіміз Атырау облысы тұрғындарының өмірлеріне оң өзгерістер әкелуге себепші болатындығына қуаныштымыз”, - деді Кевин Лайон, ТШО бас директоры.
Бағдарлама аясында барлық қатысушыларға ерекше балалардың, соның ішінде №3 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілерінің қолдарымен жасалған тілектері бар жүректер табысталды. Тек осы жылы ғана ТШО осы орталық пен облыстық мүгедектерді оңалту орталығына арнайы жабдықталған инватаксиді сыйға тартқан болатын. Облыстық арнайы мектеп-интернаттың технология кабинетіне жабдықтар сатып алынды.
Жылыой ауданына да көмек көрсетілді: 6 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, сыйға берілді, мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысы үшін инватакси, қаланың коммуналдық қызметтеріне арналған 4 арнайы техника сатып алынып, сыйға тартылды. Оның ішінде кран - манипулятор қондырғысы, вакуумды сыпырғыш және екі жол құрама машинасы. Сондай-ақ, «Кең Жылыой» мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар мен сахналық костюмдер сыйға тартылды. 2023 жылы ТШО Атырау облысы мен Жылыой ауданына 2,3 миллион АҚШ долларынан астам сомаға демеушілік көмек көрсетті.