ҚР Қаржы министрлігі ТШО-ны үздік салық төлеуші деп таныды

21 қараша 2023
Ecology

Екінші жыл қатарынан ҚР Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ТШО-ны салық міндеттемелерін мінсіз орындағаны үшін "Жер қойнауын пайдаланушы" санаты бойынша үздік салық төлеуші деп таныды. Әртүрлі санаттар бойынша марапат иегерлері салым көлеміне емес, төлем тәртібіне, фискалдық мониторинг аясында шағымдардың болмауына, сала бойынша салық жүктемесінің коэффициентіне және басқа да қаржылық көрсеткіштерге басымдық бере отырып, Қазақстандағы 2 300 000 кәсіпкердің арасынан қарастырылды. Сондай-ақ, cалық төлеушілердің әлеуметтік жобалары мен өз аймағының азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ету де маңызды болды.

"Сіздер экономиканы дамытып, жұмыс орындарын ашып, қоғамымыздағы тұрақтылықты сақтайсыздар. Сіздің компанияларыңыз өсу пен өркендеудің қозғалтқышы болып табылады. Еліміздегі жүздеген мың салық төлеушілердің арасынан үздік болып таңдалу – табысты бизнеске апаратын қиын жолдың дәлелі. Бұл тек қаржылық жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар фискалдық жүйені терең түсінуді, үздіксіз білім алуды және өзгеретін құқықтық нормаларға бейімделуді талап етеді. Сіздің еңбекқорлығыңыз бен адалдығыңыз сіздері үздік салық төлеуші етеді", - деді ҚР Қаржы Вице-министрі Ержан Біржанов.

2023 жылдың 9 айындағы ТШО-ның Қазақстанға тікелей қаржылық төлемдері қазақстандық қызметкерлерге төленген еңбекақыны, қазақстандық тауар өндірушілер мен жабдықтаушылардың өнімдері мен қызметтерін сатып алуға жұмсалған қаржыны, мемлекеттік кәсіпорындарға аударылған төлемдерді, қазақстандық серіктеске бөлінген дивидендтерді, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке аударылған салық пен роялтиді қоса алғанда 10 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. "Біз ТШО-ны ең адал, сенімді және жауапты салық төлеуші ретінде танығаны үшін алғыс айтамыз және елдің экономикалық ілгерілеуіне және оның болашағына үлес қосуды жалғастыруды мақтан тұтамыз», - деді Үкімет және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.

Марапаттау барысында жеңімпаздарға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, өртке қарсы қызметтердің өкілдері, ардагерлер, медицина, білім, мәдениет және өнер саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері алғыс хаттар табыс етті. Осылайша, шараны ұйымдастырушылар салықтардың уақытылы төленуі арқасында мектептер, балабақшалар, ауруханалар, инфрақұрылымдар салынып, жәрдемақылар мен зейнетақылар төленіп, құқықтық тәртіп қамтамасыз етіліп, азаматтар өмірлерінің түрлі салалары дамып келе жатқанын атап өтті.