ТШО инклюзивті жұмыс ортасын қалай ынталандырады?

06 желтоқсан 2023
Ecology

«Ембімұнайгаз» ҰК» АҚ жанындағы «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының 5 жылдығына орай өткен форумда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және мұнай-газ секторында қызмет етіп жүрген әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Шараға «Теңізшевройл» (ТШО) және басқа да мұнай компанияларының, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам және әйелдер қозғалысының белсенділері қатысты.

ТШО бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов компанияның гендерлік тепе-теңдікті сақтаудағы шаралары туралы: «Әрбір қызметкер жынысына, жасына, біліміне, дініне, мәдениеті мен этникалық қатыстылығына қарамастан өзінің артықшылықтарын түсінетін және өз әлеуетін жүзеге асыра алатын ашық корпоративтік орта құру және құндылықтар құру - Теңізшевройл компаниясының басты қағидалары болып табылады» - деді.

Сондай-ақ Көңілқош Аманжолұлы ТШО-ның Әйелдер қауымдастығы (WEN) сияқты ұйымдардың қызметі әйелдерді көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге ынталандыра отырып, шеберлік сабақтарында, дәрістерде және үздік мамандармен кездесулерде оларды дамыта түсуге көмектесетінін айтты. Осы жылы WEN белсенділері «Әйелдерге тәлімгерлік» бағдарламасын бастады, онда тәжірибелі көшбасшылар жас көшбасшы әйелдерге тәлімгер болады. Қазір бағдарламада 5 тәлімгер мен бірінші рет басшылық қызметте отырған 14 әйел бар.

Сонымен қатар, 2022 жылы ТШО-да MARC (Нағыз өзгерістерді жақтайтын ерлер) білім беру бағдарламасы енгізілді. Ол жұмысшылар мен менеджерлерге гендерлік теңдікті жетілдіру және жұмыс орнында,одан тыс жерлерде әртүрлілік пен инклюзия мәдениетін ілгерілету мақсатында шаралар қолдану үшін түсіндіру және оларды ынталандыруға бағытталған. Бүгінгі таңда MARC бағдарламасына қатысушылардың жалпы саны 130 адамды құрайды. Қатысушылар әртүрлілік, инклюзия және гендерлік теңдікке қатысты мәселелерді талқылау және шешу үшін жылына 10-12 рет кездеседі.

«ТШО-да барлық саясаттар мен процедуралар жынысы мен ұлтына, жынысына, жасына, біліміне, дініне және мәдениетіне қарамастан барлық қызметкерлерге тең мүмкіндіктер беруге бағытталған», - деп атап өтті ТШО адам ресурстарын басқару бөлімінің бас менеджері Кәмшат Байжанова.

ТШО-ның инклюзивті мәдениетті дамытуға деген ұмтылысы тек компанияның өзінде ғана емес, қазақстандық мердігер ұйымдарда да бар. Осылайша, сонау 2020 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен бағдарлама аясында отандық шағын және орта бизнес өкілдері үшін «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту арқылы жеткізушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» тақырыбында тренинг өткізілді.

Инклюзивті жұмыс ортасының құндылығы - бір командадағы әртүрлі тәжірибесі, білімі және құндылықтары бар адамдар бір ұжым болып бірігіп бір-бірін толықтырады. Ал әртүрлі бөлім басшыларының бұл құндылықты түсінуі және тиісті өзгерістерді кезең-кезеңімен енгізуі компанияны табысқа жетелейтіні анық.