Атырауда Теңізшевройл (ТШО) компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының (ӘИБ) серіктестері, үкіметтік емес ұйымдар 2023 жыл ішінде өз жұмыстарының нәтижелерін жариялаған ашық қорытынды іс-шарасы өтті. 2023 жылы ӘИБ бюджеті ұлғайтылып, жалпы құны 2,5 млн АҚШ доллары болатын 21 жобаның іске асырылуына мүмкіндік болғанын атап айту қажет.
Қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов: «Биыл Теңізшевройл өзінің 30 жылдығын атап өтті. Бұл орайда, көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылды. Олардың әрқайсысы Атырау облысының дамуына бір үлесін қосатындығы сөзсіз. Алдағы уақытта да бір өз тарапымыздан осындай әлеуметтік жобалардың іске асырылуын қолдауға дайынбыз», - деп атап өтті.
Бұл бағдарлама аясында ҮЕҰ өз жобаларын ұсынады. Ал ТШО оларды тек қаржыландырады. Биыл әлеуметтік жобалар - денсаулық сақтау, білім беру, экология, азаматтық қоғамды қалыптастыру және дамыту және қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасын сақтау сияқты салаларды қамтыды. Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы (ҚОДҚ) медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша өз жұмыстарын жалғастырды. Биылғы жылдың атаулы жаңалығы - Жамбыл облысының Тараз қаласына тәжірибе алмасу сапары болды.
Биылғы жылы «Біз де адамбыз» ҚҚ екі жобаны іске асырды және оның бір жобасы ретінде қаладағы әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мәселелерін инновациялық жолмен шешуді ұсынды. Жобаның еріктілері мен резиденттері мүмкіндігі шектеулі жандармен қатар, қарт адамдар, жүкті әйелдер мен 7 жасқа дейінгі балалары бар аналарды қоса алғанда қозғалысы шектеулі тұрғын топтары үшін әлеуметтік нысандардың қолжетімді электрондық картасын жасап, іске қосты. Мониторинг барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кеңістікті ұйымдастыруда олқылықтар анықталды. Көптеген кәсіпкерлер айтылған ұсыныстарды ескеріп, шағын және орта бизнес нысандарының келбетіне өзгерістер енгізуі - жобаның оң нәтижелерінің бірі ретінде атап өтілді.
Теңізшевройл компаниясының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов өзінің құттықтау сөзінде жергілікті ҮЕҰ-дың саны да өскенін атап өтті. «Биыл 16 серіктес ҮЕҰ Атырау облысы мен Жылыой ауданы аумағында 21 жобаны жүзеге асыруда. Сонымен қатар, олардың жобалары биылғы жылы 11 000 адамға тікелей әсер етті! Бұл серіктестеріміздің еңбегі және біз олардың жұмыс нәтижелерін атап өтуге қуаныштымыз. Әлеуметтік тұрғыда жауапкершіл компания ретінде ТШО, әлеуметтік секторда өз жұмысын жалғастырады», - деді ол.
Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы өз жұмысын 2010 жылы бастады. Осы аралықта 129 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Жобалардың әрқайсысы туралы толығырақ ӘИБ TownHall (tengizchevroil.com) сілтемесі арқылы білуге болады.
Алайда, ТШО Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасынан басқа әлеуметтік инвестициялар аясында басқа да жобаларды іске асыруда. «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында тек биылдың өзінде Исатай ауданы Тұщықұдық ауылында қосымша 350 орындық мектеп ғимараты мен Атырау қаласында Мағжан Жұмабаев атындағы №1 мектеп ашылды. Жаңа жыл қарсаңында Құлсары қаласында 75 орындық орталық аудандық аурухана салтанатты түрде ашылды.
Онымен қоса, Атырау облысының, оның ішінде Құлсары қаласына көрсетілетін демеушілік көмек аясында 3 инватакси, Жылыой ауданына - 6 жедел жәрдем көлігі және ТКШ-ның үздіксіз жұмыс істеуі үшін 4 бірлік арнайы техника, сондай-ақ №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы мен Қарттар үйіне ЕДШ-мен айналысуға арналған жабдықтар берілді. Көру қабілеті төмен балаларға арналған №3 мектеп-интернаттың оқушыларына арналған технология кабинеті толық жабдықталды және одан да басқа көмектер берілді. Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан ТШО «Атырау» шипажайында облысымыздың 100 зейнеткерінің емделуін қаржыландырып келеді.