ТШО-да еңбек қауіпсіздігі цифрлық трансформацияның дамуына қалай әсер етеді

05 ақпан 2024
Ecology

«Теңізшевройл» (ТШО) Қазақстанда цифрлық индустрияның жаңа дәуірін құруға бағытталған тәжірибемен және идеялармен алмасу мақсатында ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекеттік қызметкерлері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен министрліктерінің өкілдері ғана емес, сонымен қатар еліміздің ірі салық төлеушілері, жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлердің басын қосқан «Digital Almaty» форумына қатысты.

- «Digital Almaty» – бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар және IT қауымдастығы бас қосатын бірегей алаң. Бұл форумда талқыланған идеялар нақты шешімдер табады», - деді форумның салтанатты ашылуында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

«Теңізшевройл» өзінің 30 жылдық тарихында технологиялық күрделі Теңіз кенішінің операторы ретінде мұнай-газ саласындағы цифрландыруды дамытуға үлес қосып, озық технологияларды белсенді түрде енгізуді жалғастырып келді.

- ТШО-да қауіпсіздік әрқашан басты басымдық болды және солай қала бермек, ал бұл қағида басқалармен қатар цифрлық трансформацияға деген көзқарасымызға да қатысты. Біз өз бағдарламамызда қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін арттыратын шешімдерге, сондай-ақ кәсіпорынның көмірқышқыл газының ізін азайтуға көмектесетін бастамаларға баса назар аудара отырып, қауіпсіз еңбек мәдениетін ілгерілетуге ерекше көңіл бөлеміз», - деді өз сөзінде ТШО бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов.

Компанияға енгізілген жаңа жобалардың бірі – электронды жұмысқа рұқсат беру жүйесіне (ePTW) көшу. Бұл құжат айналымын айтарлықтай қысқартты және компанияға жұмыстың өзіне назар аударуға мүмкіндік берді, қауіпсіздік талаптарын түсінуді және жұмыс бастамас бұрын қорғаныс шараларын сақтауды қамтамасыз етті. Электронды жүйе өзінің тиімділігін соңғы күрделі жөндеу кезінде дәлелдеді. ТШО 2023 жылғы күрделі жөндеу жұмыстарын кестеден бұрын қауіпсіз аяқтады (tengizchevroil.com)

- Біз өндіріс орындарында тұрып, смартфондар немесе планшеттер арқылы барлық деректерге жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ете аламыз. Кешенді технологиялық желінің 5 тармағына соңғы жөндеу жұмыстары кезінде біз 33 мыңнан астам электронды рұқсат рәсімдедік, бұл жұмыстың қауіпсіз әрі уақтылы аяқталуына ықпал етті, - деп атап өтті Көңілқош Сүйесінов.

Өндірісті бірегей басқару орталығының (ӨББО) цифрлық блогы форумға қатысушылардың ерекше назарын аударды. ӨББО ең соңғы цифрлық технологияларды пайдаланады және Қазақстандық мұнай-газ саласындағы теңі жоқ жалғыз ғана нысан болып табылады. Ол ТШО-ның барлық зауыттарын басқаруды бір операциялық жүйеге біріктіреді, осылайша шешімдерді тезірек және тиімдірек қабылдау үшін топтар арасында жылдам деректер алмасуға жағдай жасайды.

- ӨББО цифрлық блогы ТШО-ның біріктірілген өндірістік жұмыс моделіне көшуінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады, бұл бүкіл құн тізбегі бойынша шешім қабылдаудың тиімділігі мен жылдамдығын арттырады. Бұл цифрлық блок өндірістің оңтайлы шешімдерін таңдауға, ашықтық пен коммуникацияны жақсартуға мүмкіндік бере отырып, өнімділікті кешенді жоспарлауға және бақылауға арналған функционалмен жабдықталған, осылайша экономикалық көрсеткіштерді арттыру арқылы түпкілікті құндылық қамтамасыз етеді, - деп атап өтті Көңілқош Сүйесінов.

ТШО цифрлық трансформацияны қауіпсіз өндіріске, қызметкерлердің қауіпсіздігіне, технологиялық процестердің қауіпсіздігіне және қоршаған ортаны қорғауға үнемі назар аудара отырып дамытады. ТШО-да енгізілген алғашқы цифрлық өнімдердің бірі интеллектуалды көлік қауіпсіздігі жобасы болды. Оның аясында компания мен мердігер ұйымның әрбір көлігі шаршауды анықтау жүйесімен жабдықталды. Жүйе жүргізушіде шаршау немесе ұйқышылдық белгілерін анықтаса, сигнал береді. Бұл апаттар санын күрт азайтуға көмектесті.

Форум барысында Көңілқош Сүйесінов ТШО цифрлық трансформациясының негізгі құрамдас бөлігі адам екенін атап өтті. Жыл сайын ТШО «Цифрлы киіз үй» ұйымдастырады, онда қызметкерлер тек білім алып қана қоймайды, сонымен қатар бизнестің нақты

мәселелерін шешуге арналған ішкі Хакатон кезінде дағдыларын дамытады және қолданады. Қызметкерлер арасында да түрлі хакатондар өткізіледі.