«Теңізшевройл» мұнай-химия саласының дамуына қолдау көрсетеді

20 ақпан 2024
Ecology

Теңізшевройл (ТШО) Қазақстан Республикасының (ҚР) мұнай-газ химиясы саласы мен полимерлер нарығына арналған I-ші Халықаралық Petropolymers&PetroChemicals Форумына қатысты. «Petrocouncil» мұнай-газ кеңесі ұйымдастырған іс-шараға тек отандық ғана емес, ТМД, сондай-ақ Қытай мен Түркия елдерінен келген 420-дан астам компанияның өкілдері қатысты.

ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов, отандық мұнай-химия өнеркәсібін дамытудың маңыздылығын атап өтті. «Елдің мұнай-газ-химия жобаларына 13 млрд АҚШ долларын инвестициялау жоспарлануда. Мемлекет қажетті жағдайлар жасау арқылы аталмыш салаға жүйелі қолдау көрсететін болады. Жобалау жұмыстарының кезеңінен бастап EPC мердігердің таңдау кезінде тауарлар мен жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамтуға ерекше назар аудару маңызды».

ТШО ҚР-ның газға өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруда жетекші рөл атқарады және Атырау облысында 2022 жылы іске қосылған алғашқы интеграцияланған газ-химия «KPI» кешеніне полипропилен өндіру үшін пропан шикізатымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ТШО мен «Бутадиен» ЖШС бутадиен өндіретін зауыт үшін еуропалық сапалы бутан жеткізу туралы шарт жасасты. Бұдан басқа, ТШО газды сепарациялау кешені жобасы үшін құрғақ газ жеткізуді жоспарлап отыр - өткен жылы ТШО мен ҚМГ Петрокем осы жобаны іске асыру үшін қажетті келісімдердің негізгі шарттарына қол қойды.

«S&P Global тәуелсіз зерттеуіне сәйкес, ТШО-ның қазақстандық қамтуды дамытуға жұмсаған 1 доллары экономикада қосымша 1 долларды ынталандырып, қосымша 59 жаңа жұмыс орнын қолдауға ықпал етеді. Бүгін біз осы өзара байланысты анық көріп отырмыз: ТШО-ның ҚР Үкіметімен тығыз ынтымақтастығының арқасында жаңа зауыттар ашылып, жұмыс орындары құрылды, сондай-ақ елдің мұнай-химия саласының белсенді дамуы жалғасуда», - деді «Теңізшевройл» бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов.

Теңіз кен орнында өндірілетін құрғақ газдың барлығына жуық көлемі Қазақстанның ішкі нарығына жіберіледі.