Жергілікті бизнесті қолдау: ТШО мердігерлер үшін жағдайды жеңілдетті

26 шілде 2024
Ecology

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) ірі келісім-шарттартты жобаларға қатысу үшін неғұрлым қолжетімді жағдайлар жасай отырып, жергілікті мердігерлерді белсенді қолдауды және дамытуды жалғастыруда. Енді қазақстандық жеткізушілер екінші деңгейдегі банктер берген кепілдіктерді пайдалана алады. Осылайша, ТШО қазақстандық бизнеске қарай маңызды қадам жасап, оның өсуіне және нығаюына ықпал етеді. 

ТШО жергілікті компанияларды қолдауға, жағдайларды жеңілдетуге және олардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға өз міндеттемелерін көрсетуді жалғастыруда. 2024 жылғы 14 мамырдан бастап ТШО банктік кепілдіктерге қойылатын талаптарға елеулі өзгерістер енгізген болатын. Енді қазақстандық қызмет көрсетушілер жалпы құны он миллион АҚШ долларына дейінгі келісім-шарттар үшін BBB (S&P және Fitch) немесе Baa2 (Moody's) төмен емес кредиттік рейтингі бар екінші деңгейдегі банктер берген кепілдіктерді пайдалана алады. ТШО қаржы бөлімінің бас менеджері Дуайт Крэбтридің айтуынша, осы жаңалық жергілікті компаниялардың қаржылық ауыртпалықты азайту және стратегиялық маңызды жобаларға қатысуды ынталандыру арқылы ірі келісімшарттарға қол жеткізуін айтарлықтай жеңілдетеді. 

- Біз қаржылық талаптар көптеген жергілікті мердігерлер үшін қиындықтар туғызуы мүмкін екенін түсінеміз, сондықтан банктік кепілдік шарттарына маңызды өзгерістер енгіздік. ТШО жаңа критерийлерге жатпайтын келісімшарттар үшін «А» деңгейінен жоғары рейтингі бар екінші деңгейдегі банктерден банктік кепілдіктерге қойылатын қолданыстағы талаптарды қолдануды жалғастыратын болады. Бұл компанияның ірі жобаларды іске асыру кезінде қаржылық сенімділіктің жоғары стандарттарына бейілділігін растайды, - деп айтты Дуайт Крэбтри. 

Сондай-ақ, аталмыш өзгерістерге сәйкес, екінші деңгейдегі банктер қазақстандық компаниялардың атынан «А» рейтингі бар банктің растауымен кепілдіктер бере алады, бұл ТШО үшін қосымша сенімділікті қамтамасыз етеді. Бұл ретте ТШО компаниясы шарттың көлеміне, жеткізушінің қаржылық жағдайына және жұмыстың күрделілігіне байланысты банктік кепілдіктерге қойылатын талаптарды өзгерту құқығын өзіне қалдыратынын атап өтті. 

Бұл икемділік талаптарды қазақстандық компаниялардың нақты жағдайлары мен қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл өзгерістер ТШО-ның қазақстандық мердігерлерді дамытуға қолдау көрсетуді жалғастырып, олардың ірі келісімшарттарға қатысуы үшін қолайлы жағдай туғызатынын көрсетеді. Банктік кепілдік талаптарына енгізілген өзгерістер компанияның жергілікті бизнеспен байланысын нығайтуға және елдегі экономикалық өсуді ынталандыруға деген ұмтылысын көрсетеді.  

Айта кететін жайт, «Теңізшевройл» әрқашан Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі қатысушыларының бірі және жергілікті бизнесті дамытудағы жетекші ойыншылардың бірі болды. 1993 жылдан бері Теңізшевройл қазақстандық жеткізушілерден 48,4 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға тауарлар мен қызметтерді сатып алды. 2024 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық қамтуды дамытуға жұмсалған шығындар шамамен 790 миллион АҚШ долларын құрады, оның ішінде Келешек кеңею жобасы мен ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) шеңберінде 440 миллионнан астам АҚШ доллары жұмсалды. Жалпы, ТШО сатып алатын тауарлар мен қызметтердегі қазақстандық қамтудың жалпы деңгейі 1993 жылғы 11%-бен салыстырғанда 2023 жылдың соңында 70%-ға жеткенін атап өткен жөн. Бұл деректер мұнай-газ саласындағы жергілікті ресурстар мен бизнесті ілгерілету және дамыту Теңізшевройлдың тұрақты дамуының ажырамас бөлігі болып табылатынын көрсетеді.