Жарты ғасырға жуық уақыт Қазақстан экономикасының игілігі үшін – Теңіз кен орны өзінің 45 жылдығын атап өтті

07 желтоқсан 2024
Ecology

«Теңізшевройл» ЖШС бас кеңсесінде Теңіз кен орнының ашылғанына 45 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілдері, серіктес компаниялар: «Шеврон», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ЭксонМобил» және «Лукойл» өкілдері, сондай-ақ мұнай-газ саласының ардагерлері мен алғашқы бұрғылаушылары – «Бұрғышы-72» ҚҚ мүшелері қатысты.

Атырау облысы әкімі Серік Шапкенов: «Мұнай-газ саласының барлық ардагерлеріне бүгінгі мерейтой құтты болсын. Теңізді игеруге қосқан үлесіңіз Тәуелсіз Қазақстанның дамуының іргетасын қалағанын атап өткім келеді. Қиын жылдары бұл біздің елімізге демеу болған, басқа да салалардың дамуына ықпал еткен де тап осы мұнай өндірісі еді. Біз ардагерлерімізге олардың еңбегі мен адалдығы үшін мың да бір алғыс айтамыз».

Теңіз кен орнының 45 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен 200-ден астам мұнай-газ саласының ардагерлері марапатталды. Шақырылған қонақтардың арасында Теңіз кен орнын ашушылардың ұрпақтары да, бірінші болып ұңғымаларды бұрғылағандар да болды.

Төлеген Байзақов, мұнай-газ саласының ардагері, «Теңізде қызмет ету – өндіріс мамандары үшін тамаша мектеп болды. Одан абыроймен өту әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Өткенге көз жүгірте отырып, Теңіз кен орны қалай қатты өзгергенін, технологиялардың жетілгенін көріп отырмын. Мен Теңіз кен орнын алғаш ашқандардың мұнай-газ саласына қосқан үлкен үлесін көкейінде сақтап, қадір тұтатын жас ұрпаққа ерекше алғысымды білдіргім келеді» деді.

Мерейтой аясында сала ардагерлері Теңіз кенішіне ат басын тіреп, қазіргі Теңіздің ауқымы мен технология саласындағы жетістіктеріне куә болып қайтты.

Бірегей және күрделі кен орындарының бірі болып табылатын Теңіз кен орны өткен ғасырдың 70-жылдарында табылды. Оны ашушылардың есімдері тарихқа алтын әріптермен мәңгілікке жазылады: Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынғалиев, Болат Еламанов, Асабай Хисметов, Құмар Балжанов, Валентин Авров, Махаш Балғымбаев, Орынғазы Исказиев, олар кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Бірінші ұңғыма 1979 жылы 18 Желтоқсанда 4045-4095 метр тереңдікте тұз асты қабаттарынан мұнай берді. Содан бері бұл күн Теңіз кен орнында мұнай мен газды толық көлемде өндірудің бастапқы нүктесі болып саналады.

«Теңіз кен орнының ашылуы мұнай өнеркәсібі үшін ғана емес, бүкіл ел үшін жаңа дәуірдің басталуына себеп болды. Бұл Қазақстан мен халықаралық компаниялар арасындағы берік ынтымақтастықтың үлгісі болып табылады. Осы жылдар ішінде біз қауіпсіз және сенімді мұнай өндіруді қамтамасыз етіп қана қоймай, бірлескен күш-жігермен біз әлемдік деңгейдегі өндірісті құрып қана қоймай, кен орындарын игеру технологияларын енгіздік, адами капиталға инвестиция салдық, жұмыс істейтін қауымдастықтарды қолдадық және Қазақстан Республикасының экономикалық өсуіне үлес қостық», - деп «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Кевин Лайон атап өтті.

«Жас мұнайшылар буыны ардагерлеріміздің мұрасын абыроймен жалғастыруда. Бүгінде «Теңізшевройл» әлемдік деңгейдегі компания болып табылады. Бірнеше жыл қатарынан ТШО «Үздік жұмыс берушісі», сондай-ақ «Үздік салық төлеуші» деп танылды. Компания қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыруға және қазақстандық қамтуды дамытуға ұмтылады», – деп атап өтті Теңізшевройл компаниясы бас директорының орынбасары, Көңілқош Сүйесінов.

2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей төлемдері 8,4 млрд АҚШ долларын құрады. 1993 жылдан бері компания ел экономикасына 198 миллиард доллардан астам қаражат бөлді.