Жаңа жыл қарсаңында Жылыой ауданы әкімдігінің сұрауы бойынша екі арнайы жол техникасы сатып алынып, сыйға тартылды: SDLG автогрейдері мен KADEME жиып-тазалауыш мәшинесі, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығына шағын автобус берілді.
Техниканы салтанатты түрде табыстау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова: «Тапсырылған техника Жылыой ауданының коммуналдық қызметтеріне маңызды көмекші болады. Қыс мезгілінде жолдарды уақытылы тазалау тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарады. Біз «Теңізшевройл» компаниясына біздің өңірімізге ұдайы қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтамыз. Мұндай ынтымақтастық өмір сапасын жақсартуға және жергілікті инфрақұрылымды дамытуға көмектеседі».
Жылыой сияқты климаттық жағдайы қатаң аудан үшін жол инфрақұрылымын қолдау мәселесі әрқашан өзекті болып келеді. Жазда шаң-тозаң мен балшық жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызса, ал қыстағы қар көп жағдайда көктайғақтың пайда болуына әкеліп, көлік қозғалысын қиындатады. Сыйға берілген машиналар осы қиындықтарды шешуге ықпалын тигізеді. SDLG автогрейдері жол жабынын тегістеуге, жолдарды жөндеуге дайындауға және қыс мезігілінде қар тазалауға пайдаланылатын болады. KADEME жиып-тазалауыш мәшинесі жаяужолдар мен жолдарды тазалаудың таптырмас көмекшісі болып, коммуналдық қызметтерге аумақты тазалау мәселелерін жылдам шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ТШО-ның көпжылдық серіктестерінің бірі Құлсары қаласындағы Отбасын қолдау орталығына жаңа шағын автобус табыстады. Бұл қадам орталықтың жұмыс істеу жағдайын жақсартуға және қолдауға мұқтаж отбасыларға сапалы көмек көрсетуге бағытталған.
Оған қоса, «Теңізшевройл» компаниясының өзі Құлсары қаласының орталық аудандық ауруханасына күйікке қарсы кереует сатып алды, ол ауыр күйікке шалдыққан науқастарды емдеудің маңызды элементіне айналады. Кереует күйікке шалдыққан науқастарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге, ауырсынуды азайтуға, асқыну қаупін ықшамдауға және сауығу процесін тездетуге көмектеседі.
Еске сала кетейік, өткен жылы «Теңізшевройл» компаниясы Атырау облысына 2,5 миллион АҚШ долларынан астам сомаға демеушілік көмек көрсеткен болатын. Сондай-ақ, Атырау облысына, соның ішінде Құлсары қаласына көрсетілген демеушілік көмек аясында 3 инватакси, Жылыой ауданына 6 жедел жәрдем көлігі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуі үшін 4 бірлік арнайы техника берілді. Жуырда Құлсары қаласының Береке шағын ауданында «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынған №13 жаңа мектеп ашылды.