«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Теңіз кен орнындағы жаңа Үшінші буын зауытында (ҮБЗ) шикі мұнайды қауіпсіз өндіруді бастап, өзінің Келешек кеңею жобасын (ККЖ) жүзеге асыруда маңызды межеге қол жеткізді.
Бұл меже алдағы айларда ҮБЗ-да өндіру көлемін біртіндеп арттырудың басталатынын білдіреді, және де Теңіздегі шикі мұнай өндірудің жалпы көлемі жылына тағы да 12 миллион тоннаға ұлғаяды деп күтілуде. Барлық өндiрiстiк нысандар толық iске қосылғаннан кейiн, мұнай өндірудің жалпы жылдық көлемі шамамен 40 миллион тоннаны құрайды деп күтілуде, бұл Қазақстанға салықтар, роялти және басқа да тікелей қаржылық төлемдер есебінен қосымша кіріс әкеледі деген сөз. Сондай-ақ, ККЖ негізгі өндірістің сенімді жұмысын сақтауға және Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтағы ірі жеткізушісі ретіндегі мәртебесін нығайтуға септігін тигізеді.
«Келешек кеңею жобасын табысты жүзеге асыру ауқымы мен жаһандық күрделілігі тұрғысынан қарағанда, маңызды жетістік болып табылады. ККЖ Қазақстан үшін де, ТШО-ның акционерлері үшін де қосымша құндылық әкеледі», - деді ТШО-ның бас директоры Кевин Лайон. «Біз Қазақстан Республикасының Үкіметіне, акционерлерімізге, мердігер компанияларға, талантты да білікті қызметкерлерімізге және басқа да мүдделі тараптарға осынау маңызды межеге қол жеткізудегі бірлескен ынтымақтастық пен қолдаулары үшін шынайы алғысымызды білдіргіміз келеді», - деп жалғастырды Кевин Лайон.
ТШО ККЖ-ны жүзеге асыру барысында халықаралық компаниялармен серіктестік қатынастар шеңберінде технологиялар трансферін қамтамасыз етіп, Атырау облысындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға көмектесті.
«Қазақстандық компаниялар кең ауқымды жобаларды жүзеге асыруда өздерінің тамаша мүмкіндіктерін дәлелдеді», - деп атап өтті ТШО бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесінов. «Теңізшевройл ККЖ шеңберінде жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға шамамен 19,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды және қазақстандық компаниялармен 1250-ден астам келісімшарт жасасты» - деп толықтырды ол.
ККЖ шеңберіндегі құрылыс жұмыстары қызған шақта шамамен 90 000 жұмыс орны ашылды. Жобаны жүзеге асыру барысында ТШО 37 500-ден астам оқыту курстары арқылы білікті ұлттық мамандарды даярлай отырып, елдегі кадр әлеуетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосты. Бүгінде бұл мамандар алған тәжірибелерін Қазақстанның өнеркәсіптік жобаларында да, халықаралық деңгейде де қолдана алады.