Теңізшевройл ішкі нарыққа газ жеткізуде

14 ақпан 2025
Ecology

2025 жылғы 14 ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ-ның портфельдік компаниясы «QazaqGaz» ҰК» АҚ және «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) газ сату-сатып алу келісімшартына қол қойды. Қол қойылған құжат Қазақстанның ішкі нарығына тауарлық газдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Экономиканың дамуы ішкі нарықта тауарлық газды тұтынудың айтарлықтай өсуіне әкелді. QazaqGaz үшін халық пен отандық кәсіпорындарды тұрақты газбен қамтамасыз ету басымдық болып қала бермек. Біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз «Теңізшевройлмен» сатып алу-сату келісіміне қол қою Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен мүмкін болды. Бұл келісім Қазақстанның тауарлық газ ресурстық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді және ұзақ мерзімді перспективада сенімді жеткізілімдерді қамтамасыз етеді», - деп атап өтті Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы.

ТШО ішкі нарыққа тауарлық газдың ірі жеткізушісі болып қала береді және ел үшін осы маңызды стратегиялық салада әлеуетті мүмкіндіктерді зерттеу үшін Қазақстан Республикасымен ынтымақтастықты жалғастырады.

«Бұл келісімге қол қою арқылы ТШО Қазақстан Республикасына елдің арту үстіндегі газға деген қажеттіліктерін қамтамасыз етуде көмек көрсетуге дайын екендігін көрсетеді. Мен QazaqGaz компаниясына ел үшін осынау маңызды келісімге қол жеткізу жолында ТШО-мен бірлесіп атқарған елеулі жұмысы үшін алғысымды білдіремін», - деді ТШО бас директоры Кевин Лайон.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен ТШО Астанада ішкі нарыққа сұйытылған көмірсутек газын (СКГ) қосымша көлемде жеткізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумды ұзарту туралы келісімге қол қойды.

«Аталған келісімді жасау - республиканың сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам. Біздің серіктесіміз, ТШО компаниясының, ҚР аумағындағы сұйытылған мұнай газын өндірушілердің бірі ретінде газды кепілдік беріп жеткізуі газ нарығындағы тапшылық деңгейін төмендетуге және осы өнімді тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.

2024 жылы ТШО 1,2 миллион тоннадан астам СКГ өндірді.

Осы орайда айта кететіні, 2024 жылдың соңында ТШО мен « KMG PetroChem» ЖШС құрғақ газды сатып алу және сату туралы келісімге қол қойды, оған сәйкес ТШО жылына 9 миллиард текше метрге дейін құрғақ газды Атырау облысындағы газ өңдеу зауытына жеткізетін болады. (Теңізшевройл Атырау облысындағы Газ өңдеу зауытына 9 миллиард текше метрге дейін құрғақ газ жеткізуге келісті)

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) – шикі мұнайды, сұйытылған көмірсутек газын (СКГ), құрғақ газды және күкіртті өндіру, өңдеу және сату бойынша қызмет атқаратын қазақстандық серіктестік. ТШО заманауи технологияларды енгізіп, өз қызметін қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізеді. ТШО 1993 жылдың сәуір

айында Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» корпорациясы арасында құрылды. Компанияның серіктестері: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 20%, «ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc.» – 25% және «Лукойл» – 5%.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның портфельдік компаниясы. Компания магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тауарлық газды тасымалдаудың орталықтандырылған инфрақұрылымын басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді, сонымен қатар ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ қоймаларын жобалайды, қаржыландырады, салады және пайдаланады.