Kazakhstan Energy Week – 2025 апталығы: Теңізшевройл XVI – Еуразиялық KAZENERGY форумының бас демеушісі

03 қазан 2025
Ecology

2025 жылғы 2–3 қазан аралығында Астана қаласында Kazakhstan Energy Week – 2025 апталығы аясында XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы өтті. Энергетика саласындағы бұл ауқымды іс-шара 50 елден келген 300-ден астам қатысушының басын қосты. Биылғы форумның тақырыбы – «Жаңа энергетикалық тәртіп: Орта державаларға назар аудару». Мұндай державалар қатарына географиялық орналасуы бірегей, энергетикалық әлеуеті зор Қазақстан Республикасы да кіреді.

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға арналған Үндеуін оқып берді: «Біз  еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен дербестігін нығайта түсу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы маңызды іске халықаралық серіктестеріміз зор үлес қосып келеді. Қазақстан энергетика саласына инвестиция тартуға, оның бәсекеге қабілетін арттыруға баса мән береді. Бұл тұрғыдан алғанда, еліміз жауапкершілігі жоғары орта держава ретінде беделді халықаралық ұйымдармен байланысын бекемдей түсуге мүдделі».

Аталған форум, сонымен қатар, KAZENERGY қауымдастығының 20 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келді.

 «Қатарының алды болып, тұтас субконтиненттер мен өңірлердің дамуында жетекші рөлі айқын орта державалар бүгінде жаһандық энергетика нарығында үрдіс қалыптастырушы күшке айналуда. Бұл орайда, Kazakhstan Energy Week – 2025 апталығы мен XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы аясындағы талқылар жаһандық энергетикадағы бетбұрысты кезеңінде әлем алдында тұрған міндеттер мен сын-қатерлерге кәсіби тұрғыдан қарауға бағытталды. Әлемдегі энергетикалық қауіпсіздік, озық технологияларды жедел енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері сарапшылар тарапынан кеңінен талқыланды», – деді KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов.

Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ірі оператор – «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі – ТШО) дәстүрлі түрде Форумның бас демеушісі ретінде қатысып отыр. Компания Қазақстанның төмен көміртекті болашаққа бағытталған көзқарасын және ауқымды энергетикалық бетбұрысты қолдайтынын тағы бір мәрте көрсетті. ТШО өз қызметінде қолданылып жатқан техникалық және цифрлық инновациялық шешімдерді таныстыра отырып, энергетика саласындағы ілгерілеуге ықпал етуші рөлін айқындады.

 

ТШО бас директоры Уильям Лакобидің айтуынша: «ТШО 30 жылдан астам уақыт бойы қауіпсіз әрі сенімді түрде Қазақстан игілігіне қызмет етіп келеді. 1993 жылы 1 миллион тонна мұнай өндірісінен бастап, 2024 жылы бұл көрсеткіш 28 миллион тоннаға жуықтады. Теңіз және Королев кен орындары – әлемдегі ең күрделі техникалық нысандар қатарында, және ТШО акционерлерінің қолдауымен бірегей жаһандық технологиялық шешімдер мен салалық үздік тәжірибелерді табысты түрде енгізіп келеді».

ТШО деректерді талдау және жасанды интеллект саласындағы бастамаларды да белсенді түрде қолдауда. Бұл бағыттарда алдын ала техникалық қызмет көрсету, тиімділікті арттыру, күнделікті операцияларды автоматтандыру және логистика мен сатып алу процестерін интеллектуалды оңтайландыру секілді шешімдер қамтылған. Инновациялық технологиялар мен қауіпсіз әрі сенімді жұмысқа адалдығының арқасында ТШО кейінгі он жыл ішінде (2015–2024) зауыттардың орташа сенімділік көрсеткішін 98%-дан жоғары деңгейде ұстап тұр, бұл өз кезегінде Қазақстанға тұрақты табыс әкелуге мүмкіндік берді.

 

Сонай құрылған сәтінен бастап, ТШО Қазақстан Республикасына 206 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей қаржы төлеп, соның арқасында елдің экономикалық дамуына елеулі үлесін қосып келеді.