ТШО Атырауда инжиниринг саласындағы тәжірибесімен бөлісті

10 қараша 2025
Ecology

7 қарашада Атырауда Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы жобалау және инжиниринг бойынша жетекші сарапшыларды біріктірген II жыл сайынғы PetroEngineering дөңгелек үстелі өтті. Қатысушылардың қатарында ірі мұнай-газ операторлары, оның ішінде күрделі инженерлік жобаларды іске асыру тәжірибесі мен тәсілдерін таныстырған «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) да бар.

Дөңгелек үстел барысында инжиниринг қызметтерін дамыту, қазақстандық компанияларды ірі жобаларға тарту, инновациялық технологияларды енгізу және білікті кадрларды даярлау мәселелері талқыланды. Іс-шарада жобалау тиімділігін арттыруға, әрі қауіпсіздікке жоғары талаптар қойылған жағдайда күрделі инженерлік шешімдерді іске асыруға ерекше назар аударылды.

«Бүгінде Қазақстан ауқымды өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жаңғыру кезеңінде тұр. Біз ондаған жылдарға қызмет ететін, халықаралық стандарттарға сай келетін және өңірлер мен жалпы экономиканың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын жобаларды жүзеге асыруға ұмтыламыз», – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

ТШО өкілдері әлем деңгейіндегі ауқымды жобаларды іске асыруда жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Дөңгелек үстелде жаңа Үшінші буын зауытын (ҮБЗ) салу кезінде қолданылған инженерлік шешімдерді орындау тәсіліне ерекше көңіл бөлінді. Бұл нысан Келешек кеңею жобасының – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасының (ККЖ/ҰЕҚБЖ) бір бөлігі. Үшінші буын зауыты алдын ала құрастырылған модульдерден салынды. Маңғыстау облысында жұмыс істейтін, Қазақстанда тіркелген жергілікті компаниялар – Ersai және KCOI халықаралық стандарттарға сәйкес 75 ірі құрастырмалы құбыр эстакадасын және бақылау-өлшеу аспаптарына арналған 10 қашықтан басқарылатын блок-боксты жасап шығару арқылы өздерінің өндірістегі мүмкіндіктерін дәлелдеді. Теңіз үстіндегі жұмыстарға 126-дан астам кеме тартылды, олардың 40-ы жаңадан салынды немесе қажетіне қарай қайта жабдықталды. Модульдерді Каспий теңізінде тасымалдау үшін кемелер «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясына пайдалануға берілді.

Әлемдік деңгейіндегі осы нысанды салу және пайдалануға беру жұмыстарына 30-дан астам қазақстандық компания қатысты. Біріккен өндірісті басқару орталығын пайдалануға беру барысында жергілікті мамандар кешенді оқу курстарына қатысты және осы бірегей жобаны орындауға бірге атсалысып, өздерінің кәсіби деңгейін едәуір көтерді.

ТШО-ның жобаларды басқару жөніндегі кеңесшісі Қанат Катренов өз сөзінде мұнай-газ саласындағы инжиниринг қызметін дамыту үшін кешенді жұмыс және барлық қатысушылардың мызғымас серіктестегі қажет екенін атап өтті. Ол қолданыстағы нысандардың тиімділігін арттыруға және жобаларды басқарудың заманауи әдістерін енгізуге әлі де баса назар аударылатынын атап өтті.

 «Мұнай-газ саласындағы инжиниринг қызметі даму үшін оған қатысы бар барлық ұйымдар бірлесе жұмыс істеп, тәжірибе алмасу керек. Біз технологияны жаңартуға, тиімділікті арттыруға, сонымен бірге күрделі инженерлік тапсырмаларды орындау барысында қауіпсіздік пен сапаны жоғары деңгейде сақтауға ұмтыламыз», – дейді Қанат Катренов.

Осылайша, Атырауда өткен шара мұнай-газ саласындағы инжиниринг қызметін дамытуға арналған стратегиялық бағыттарды талқылап, тәжірибе алмасуға қажет маңызды алаңға айналды. Ұсынылған идеялар мен тәсілдер, соның ішінде ТШО-ның қосқан үлесі, осы саланың болашағы инновацияларға, жергілікті компанияларды тартуға және білікті кадрларды даярлауға байланысты екенін растайды.