«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) делегациясы Бакуде өткен Мұнай-газ инженерлері қоғамы (SPE) ұйымдастырған жыл сайынғы халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара мұнай-газ саласының жетекші сарапшыларын, мемлекеттік органдардың өкілдерін, ғылыми қауымдастық және халықаралық энергетикалық компанияларды біріктірді.
ТШО-ның SPE конференциясына қатысуы білім алмасу, технологиялық инновацияларды талқылау және компания қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Делегация құрамына кен орнын игеру, инженерлік шешімдер, қауіпсіздік, тұрақты даму және процестерді цифрландыру сияқты компания қызметінің негізгі бағыттарына тартылған басшылар мен техникалық мамандар кірді.

Конференция барысында ТШО өкілдері инновациялық өндіру әдістері, экологиялық стандарттар, пайдалану тиімділігі және әлемдік энергетика саласының болашағына арналған техникалық сессиялар, панельдік пікірталастар мен сараптамалық форумдарға қатысты. Кен орнын игеру басқармасы жоспарлау бөлімінің менеджері Болат Аманғалиев компанияның жетістіктері туралы ақпаратпен бөлісті:
«Теңіз және Королев кен орындары – әлемдегі ең техникалық күрделі мұнай-газ кен орындарының бірі, олар қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеу үшін бірегей технологиялық шешімдер мен саланың озық әлемдік тәжірибелерін талап етеді. 30 жылдан астам уақыт бойы біз осы кен орындардың ауқымы мен күрделілігіне бейімделген жаңа технологиялар мен инновациялық әдістерді қолданып келеміз. Әлемде Теңіз кен орнына ұқсас бірнеше ғана кен орындар бар, онда қаттық қысымды ұстап тұру және мұнай өндіруді оңтайландыру механизмі ретінде шикі газды кері айдау технологиясы қолданылады. Біз өндіруді сенімді болжау мақсатында кен орнын модельдеу және симуляциялау технологияларын жиырма жылдан астам уақыт бойы қолданып келеміз және барлық қолжетімді деректерді пайдалана отырып, коллектордың сипаттамаларын дәлірек анықтауға мүмкіндік беретін динамикалық деректерді интеграциялау бойынша озық жұмыс процесін жасадық», — деді ол.

ТШО делегациясы сондай-ақ Каспий өңірінің мұнай-газ саласына қажетті болашақ технологиялар мен ықтимал ынтымақтастықты талқылау үшін серіктестермен және халықаралық сарапшылармен бірқатар кездесулер өткізді.
«Теңізшевройл» технологиялар, білім алмасу және функционалдық тиімділікке адалдығының үлгісі ретінде ерекше марапатқа ие болды. Сонымен қатар, қойнауқатты игеру инженері Жамбыл Сарбас пен кен орнын игеру басқармасының мұнай және газ өндіру жөніндегі аға инженері Хадиша Үсенбаева өз еңбектері үшін марапатталды.

Анықтама:
Мұнай-газ инженерлері қоғамы (SPE) – мұнай-газ инженерлері, геологтар және геофизиктер үшін әлемдегі ең ірі кәсіби ұйым, ол бүкіл әлем бойынша 124 000-нан астам мамандардың басын қосады. SPE бүкіл әлем бойынша мұнай өнеркәсібіне жетекшілік ететін танымал техникалық стандарттарды, нұсқауларды және үздік тәжірибелерді әзірлейді. Бұл стандарттар негізінен SPE техникалық есептері, құзыреттілік шеңберлері және бірлескен бастамалар арқылы жарияланады.