ТШО‑дағы цифрлық трансформация тұрақты әрі қауіпсіз өндірістің қозғаушы күшіне айналды

08 сәуір 2026
Ecology

«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) 23‑ші Солтүстік Каспий аймақтық Atyrau Oil & Gas 2026 көрмесіне қатысты. Көрмеге Австрия, Әзербайжан, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Польша және АҚШ елдерінен 85 компания қатысты. Биыл іс‑шараның негізгі тақырыбы — «Мұнай‑газ саласындағы цифрлық трансформация: стратегия, технологиялар және экономикалық әсер» болды.

Atyrau Oil & Gas 2026 форумы аясында ТШО өндірістік қызметтің қауіпсіздігін, сенімділігін және тиімділігін арттыруға бағытталған іске асырылып жатқан цифрлық бастамалар және олардың нәтижелері туралы баяндады. Теңіз және Королев кен орындарының ауқымын, сондай‑ақ алып әрі терең кен қабаттарын игерудің технологиялық күрделілігін ескере отырып, озық технологиялар ТШО‑да компания құрылған күннен бастап жүйелі түрде енгізіліп келеді. Цифрлық мәдениетті қалыптастыру барлық қызметкерлерді компьютерлік сауаттылыққа және қажетті білімге оқытудан басталды. Цифрлық шешімдерді ерте кезеңдерде қолдану қызметкерлер арасындағы коммуникацияны едәуір жақсартуға, сондай‑ақ деректер мен сараптамамен жедел әрі тиімді алмасуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«ТШОдағы цифрлық трансформация — бұл компанияны көптеген жылдар бойы сүйемелдеп келе жатқан эволюциялық үдеріс. Біз өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға көмектесетін технологияларды кезеңкезеңімен енгізіп келеміз», — деп атап өтті ТШО өндіріс бөлімінің бас менеджері Стивен Коннер.

ТШО‑дағы цифрлық трансформация, компанияның өзге де бастамалары сияқты, өндіріс қауіпсіздігіне, еңбекті қорғауға, технологиялық сенімділікке және қоршаған ортаны қорғауға тұрақты назар аудара отырып жүзеге асырылады. Компания адамдар мен өндірістік үдерістердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай‑ақ көміртек ізін азайтуға ықпал ететін цифрлық бастамалар мен өнімдерге басымдық береді.

Кешенді технологиялық желіде (КТЖ) өндірістік кешеннің барлық аумағындағы бақылау‑өлшеу аспаптарынан нақты уақыт режимінде деректерді біріктіретін Virtual Plant шешімін енгізу өндіріс тиімділігін арттыруға ықпал етті.

Компания үшін ауқымы мен маңыздылығы жағынан ең ірі жобалардың бірі — Теңіз кен орнындағы Келешек кеңею жобасы — Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ‑ҰЕҚБЖ). Бұл жоба Қазақстан ауқымында ғана емес, әлемдік мұнай‑газ саласындағы ең ірі капиталдық жобалардың бірі саналады. Жоспарлау, инженерлік шешімдер мен логистика айтарлықтай күрделеніп, оларды жүзеге асыруда жаңа тәсілдер қажет болды.

Жоба аясында жұмыстарды дәл уақытында орындауды қамтамасыз ететін SWIFT цифрлық шешімі қолданылды. SWIFT — жүйелердің аяқталуын болжауға және жұмыс фронтын жоспарлауға арналған интеграцияланған бағдарламалық жасақтама, ол ККЖ‑ҰЕҚБЖ жобасының сындарлы жолындағы жұмыстарды неғұрлым тиімді басқаруға мүмкіндік берді.

Жобада сондай‑ақ Microsoft HoloLens көзілдірігі жоғары тиімділік көрсетті. Бұл — корпоративтік қосымшалармен жабдықталған, эргономикалық, сымсыз және автономды голографиялық құрылғы. Microsoft HoloLens қол мен көз қимылдарын бақылау, орнатылған дауыс командалары, кеңістіктік позициялау және кеңейтілген көру аймағы арқылы тапсырмаларды орындаудың дәлдігі мен тиімділігін арттырады. Оның көмегімен қызметкерлер голограммалармен жұмыс істеп, әріптестерімен байланыса алады.

Екінші буын зауыты мен КТЖ‑дағы күрделі жөндеу жұмыстарын да цифрлық шешімдер енгізілді, оның ішіне электрондық рұқсат қағазы, қауіпсіздік бойынша электрондық алдын ала тексеру, біріктірілген өндірісті басқару орталықтары, сондай‑ақ жеке LTE желісі, өнеркәсіптік Wi‑Fi және LoRaWAN заттар интернеті желісі арқылы кеңейтілген мобильділік кіреді. Бұл шешімдер өндіріс нысандарында деректі жедел алуды қамтамасыз етіп, жұмыстар басталғанға дейін барлық талаптар мен қауіпсіздік шараларының сақталғанына көз жеткізуге мүмкіндік береді.

ТШО‑да қызметкерлерге күнделікті және қайталанатын жұмыстарды оңайлатуға және қысқартуға бағытталған идеяларын ұсынуға мүмкіндік беретін арнайы қосымша да әзірленді. Түскен ұсыныстар цифрлық технологиялар департаментінде қаралып, ықтимал шешім жолдары пысықталады. Өндіріс қажетін және жобаның экономикалық тиімділігін саралағаннан кейін Цифрландыру чемпионы бастаманы одан әрі іске асыру үшін бекітеді.

Осылайша, ТШО ел экономикасына ғана емес, Қазақстандағы цифрлық технологиялардың дамуына да үлес қоса отырып, өз дамуын жүйелі түрде жалғастырып жатыр. Компания бизнес‑серіктестерімен, мердігерлерімен және акционерлерімен бизнес‑міндеттерге арналған өз цифрлық шешімдерімен белсенді түрде бөлісіп, корпоративтік құндылықтар мен саланың озық тәжірибелерін ілгерілетіп келеді.