«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Махамбет аудандық ауруханасына жалпы құны шамамен 660 миллион теңгені құрайтын заманауи медициналық жабдықтар сыйға тартты. Бұл жабдықтар аудандағы науқастарға жоғары сапалы ем қабылдауға мүмкіндік береді.
Олардың ішінде науқас мониторы, портативті дентальды рентген аппараты, хирургиялық жарықдиодты шам, операциялық медициналық шам, стоматологиялық қондырғы, ультрадыбыстық диагностикалық жүйе (УДЗ), компьютерлік томография (КТ) жүйесі, авторефкератометр және басқа да медициналық құрылғылар бар.

ТШО үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаевтың айтуынша, компания аймақтың денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөледі.
«Денсаулық сақтау саласын дамытуға инвестиция сала отырып, біз ең алдымен адамдарға, отбасы денсаулығына, балалардың болашағына және бүкіл өңірдің тұрақты дамуына үлес қосамыз. Жоғары технологиялы жабдықтарсыз, жаңа әдістерсіз және кәсіби мамандар ұжымынсыз заманауи медициналық қызмет көрсету мүмкін емес. Әлеуметтік жауапты компания ретінде біздің міндетіміз - осы мүмкіндіктердің дамуына жағдай жасау. Жаңа жабдықтар аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, өңірлік медицинаның дамуына тағы бір маңызды қадам болады деген ойдамыз», - деді Нұрмұхамед Қартабаев.
Өткен жылы Махамбет аудандық ауруханасында 2000-нан астам науқас ем қабылдады. Медициналық мекеме аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, өңірдегі маңызды денсаулық сақтау ұйымдарының бірі ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Жаңа жабдықтар диагностика мен емдеу сапасын арттырып, 26 мыңға жуық аудан тұрғыны үшін медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«ТШО-мен ынтымақтастық облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде нығайтуға мүмкіндік береді. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді», — деп атап өтті Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Айта кету керек, соңғы алдың айдың ішінде ТШО Атырау облысының 14 медициналық ұйымдарына жалпы құны шамамен 4 миллиард теңгені құрайтын жабдық тапсырды. Қолдау перинаталдық орталықты, онкологиялық диспансерді, қалалық емханаларды, Махамбет, Индер және Исатай аудандарының аудандық ауруханаларын, сондай-ақ өңірдің басқа да мамандандырылған медициналық мекемелерін қамтыды.
