ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Теңіз кен орнына барды

26 маусым 2026
Ecology

Теңізшевройл ЖШС (ТШО) өндірістік нысандарына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация, сондай-ақ Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың басқа да өкілдері келді. 

Сапар барысында делегация ТШО-ның Біріктірілген өндірісті басқару орталығында (IOCC) болып, Теңіз кен орнындағы өндірістік үдерістерді тәулік бойы бақылауға және басқаруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық шешімдермен танысты. Сонымен қатар, компания басшылығы ТШО-ның өндірістік қызметі, негізгі өндірістік көрсеткіштері, стратегиялық бастамалары және алдағы даму бағыттары туралы ақпарат ұсынды. 

Нұрлыбек Нәлібаев ТШО-ның қауіпсіз өндіріс қағидаттарына берік ұстанымын ерекше атап өтті. 

«Теңізшевройл көптеген жылдар бойы Қазақстанның мұнай-газ саласының негізгі қатысушыларының бірі болып келеді. Компания жоғары өндірістік мәдениетті қалыптастырып, еліміздің экономикасына елеулі үлес қосуда. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздікке және қазақстандық кадрларды дамытуға айрықша көңіл бөледі», – деді Нұрлыбек Нәлібаев ТШО басшылығымен өткен кездесуде. 

1993 жылдан 2026 жылдың 1-ші тоқсанына дейінгі аралықта ТШО-ның Қазақстан Республикасына жасаған тікелей қаржылық төлемдерінің жалпы көлемі шамамен 214 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл қаржыға қазақстандық қызметкерлердің еңбекақысы, отандық өндірушілер мен жеткізушілерден сатып алынған тауарлар мен қызметтер, мемлекеттік кәсіпорындарға жасалған төлемдер, қазақстандық серіктеске төленген дивидендтер, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылған салықтар мен роялти кіреді. 

«ТШО қауіпсіз өндірісті қамтамасыз етуге, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуге және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бейілді болып қала береді. Біз Қазақстан Республикасы, акционерлеріміз, қызметкерлеріміз бен жергілікті қауымдастықтар үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыру бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз», – деді ТШО Бас директоры Уильям Лакоби. 

Кездесу барысында тараптар қазақстандық мамандарды одан әрі дамыту, жергілікті қамтуды кеңейту, сондай-ақ өңірдің тұрақты экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.