Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Теңіз кен орнына жұмыс сапарымен барды

19 тамыз 2026
Ecology

Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Атырау облысына жұмыс сапары барысында Теңіз кен орнын аралап, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) өндірістік қызметінің ағымдағы жағдайымен танысты. 

Сапар барысында ТШО басшылығы вице-министрге компанияның өндірістік көрсеткіштері, ағымдағы қызметі және алдағы кезеңге арналған жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат ұсынды. 

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ТШО-ның шикі мұнай өндіру көлемі 16,6 млн метрлік тоннаны немесе шамамен 132,5 млн баррельді құрады. Аталған кезеңде компания шамамен 2,67 млрд текше метр тауарлық газ және 619 мың метрлік тоннаға жуық сұйытылған газ өткізді. 

Ерлан Ақбаров ірі мұнай-газ кәсіпорындарының тұрақты жұмысы саланың дамуы мен ел экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті. 

«Өндірістің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекті қорғау және әрбір қызметкердің қауіпсіздігі Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ жобаларының бірі саналатын Теңізді одан әрі дамытудағы басты басымдықтар болып қала береді. Біз үшін өндіріс алаңына тікелей барып, кәсіпорын жұмысының нәтижелерімен және ағымдағы жағдаймен танысу маңызды», - деп атап өтті вице-министр Ерлан Ақбаров. 

ТШО бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров Энергетика министрлігімен өзара әріптестіктің маңыздылығына тоқталып, кәсіпорынның жұмысын өндіріс алаңында тікелей таныстыру мүмкіндігін атап өтті. 

«ТШО үшін мемлекеттік органдармен ашық әрі сындарлы диалог орнату және Теңіздегі кәсіпорнымыздың жұмысын өндіріс алаңында тікелей көрсету маңызды. Өндірістік нысандарды қауіпсіз әрі сенімді пайдалану, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету және Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға ұзақ мерзімді үлес қосу біздің негізгі басымдықтарымыз болып қала береді», - деді Қуанышкерей Мұхтаров. 

Сапар барысында ТШО-ның өндіріс жөніндегі бас менеджері Бобби Хьюлетт делегация мүшелерін Үшінші буын зауытының, Біріктірілген өндірісті басқару орталығының (БӨБО), сондай-ақ жұмыс істеп тұрған ұңғымалардың бірінің қызметімен таныстырды. 

Сапар соңында Ерлан Ақбаров пен Қуанышкерей Мұхтаров Теңіз кен орнын игеру жоспары мен оны ұзақ мерзімді дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Тараптар жобаны одан әрі іске асырудың негізгі бағыттарын, алдағы жұмыс кезеңдерін, сондай-ақ өндірістің тұрақты деңгейін сақтау және қолданыстағы нысандардың сенімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды. Вице-министр компания ұжымына атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, ТШО-ның Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.