2026 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысына сәйкес «Теңізшевройл» ЖШС-ның (бұдан әрі – ТШО) сатып алу процестеріндегі қазақстандық қамтудың үлесі 72%-ға жетті. KIOGE 2026 көрме-конференциясының 30 жылдық мерейтой бағдарламасы шеңберінде өткен IMB орталығының сессиясында ТШО бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров отандық өндірушілерді дамыту және қазақстандық кәсіпорындардың жеткізу тізбегіне қатысуын кеңейту бағытында компанияның атқарып жатқан шаралары туралы айтып өтті.
Компания 1993 жылы құрылған сәттен бастап қазақстандық қамтуды дамытуға 53,3 млрд АҚШ долларынан астам қаржы бағыттады. Осы кезең ішінде ТШО жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, өндірістік біліктілікті дамытуға және қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
«Қазақстандық қамтуды дамыту ТШО қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бизнес өкілдерінің, мемлекеттік органдар мен отандық кәсіпорындардың өзара ынтымақтастығы Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайтып, ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді», – деп атап өтті ТШО бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров.

Қуанышкерей Мұхтаров қазақстандық қамтуды одан әрі дамыту және қазақстандық компанияларға жаңа мүмкіндіктер құру мақсатында мемлекеттің, операторлардың және отандық бизнестің ашық диалог жүргізгені маңызды екенін де атап өтті.

2026 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысына сәйкес компания қазақстандық қамтуды дамыту бағытына 1,1 млрд АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. ТШО Қазақстанда мұнай-газ жабдықтарын жергіліктендіру жобаларын қолдауды жалғастырып, отандық жеткізушілермен және өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.

KIOGE 2026 шеңберінде ТШО-ның қазақстандық қамтуды дамыту және сатып алу мәселелері бойынша мамандары компанияның серіктесі болу мүмкіндіктеріне қатысты бизнес өкілдеріне арналған жеке сессиялар өткізді. Форум қатысушылары отандық өндірушілердің біліктілігін тексеру процесі, ТШО-ның сатып алу жоспарларын жариялау тәртібі және әлеуетті жеткізушілерге қойылатын талаптар туралы ақпарат алды. Отандық өндірушілерді дамыту бағдарламаларына, сондай-ақ мұнай-газ саласының операторлары мен IMB орталығы бірлесіп жүзеге асыратын қазақстандық кәсіпорындардың жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейтуге бағытталған бастамаларға ерекше назар аударылды.
