«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Жылыой аудандық орталық ауруханасына жалпы құны 225 млн теңгені құрайтын ауыр және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастарды тасымалдауға арналған екі реанимобиль көлігін табыстады.
Жаңа Toyota Hiace реанимобильдері ауыр халдегі науқастарға тасымалдау кезінде көмек көрсетуге қажетті заманауи медициналық және реанимациялық құрал-жабдықтармен қамтылған. Олар науқастарды тек аудан ішінде ғана емес, сондай-ақ облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдарға қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік береді.

«Денсаулық сақтау саласының дамуына инвестиция сала отырып, біз ең алдымен адамдардың әл-ауқатына, отбасы денсаулығына, балалардың болашағына және бүкіл өңірдің тұрақты дамуына үлес қосамыз. Жедел жәрдем көліктері аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, өңірлік медицинаны дамытудағы тағы бір маңызды қадам болады деп сенеміз», – деді ТШО Үкімет және қоғаммен байланыс бойынша бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.
Жылыой аудандық орталық ауруханасының директоры Асұлан Нұрбұланұлы айтуынша, бүгінде Жылыой аудандық орталық ауруханасында 72 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Аурухана мамандарының айтуынша, жаңа реанимобильдер шақырту орнына жету уақытын қысқартуға және ауыр халдегі науқастарды қауіпсіз тасымалдауға көмектеседі.

«Жаңа реанимобильдер жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, шақырту орнына жету уақытын қысқартуға, ауыр халдегі науқастарды облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдарға қауіпсіз әрі жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Осындай әлеуметтік маңызы зор бастамаға қолдау көрсеткенТШО-ға шынайы ризашылығымызды білдіреміз», – деді Асұлан Нұрбұланұлы.
ТШО Атырау облысының денсаулық сақтау жүйесін қолдауды жалғастыруда. 2025 жылдың соңынан бері компания өңірдің медициналық ұйымдарына жалпы құны шамамен 4 млрд теңгені құрайтын медициналық жабдықтар мен арнайы техникалар, оның ішінде заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған 25 жедел жәрдем көлігін табыстады.
Бұған дейін ТШО Жылыой аудандық орталық ауруханасына шамамен 18 млн теңгеге медициналық жабдықтар, оның ішінде автоматты донорлық плазмаферез аппаратын және күйікке шалдыққан науқастарға арналған арнайы төсек сатып алынды.
